Азаматтық-құқықтық келісімшарттан бас тарту: жұмысшылар мен жұмыс берушілерге не береді
АСТАНА. KAZINFORM — Сәрсенбі күні Мәжіліс депутаттары заң жобасын қабылдад. Оған сәйкес егер тараптар арасындағы қатынастар іс жүзінде еңбек қатынастарына сәйкес келсе, жұмыс берушілер қызметкерлерді азаматтық-құқықтық келісімшарт (АҚК) бойынша рәсімдей алмайды. Kazinform тілшісі осыған қатысты заңгерлердің пікірін білді.
Жұмыс берушілер үшін не өзгереді
Адвокат Нұрлан Жанабаев жаңашылдықтың бизнеске және қызметкерлерге қалай әсер етуі мүмкін екенін түсіндірді.
Жанабаевтың айтуынша, еңбек қатынастары бар жағдайларда АҚК қолданудан бас тарту бизнестегі тәуекелдерді азайтуға көмектеседі.
— Барлық қызметкерлер азаматтық-құқықтық келісімшартпен емес, дұрыс түрде еңбек шарты арқылы рәсімделген кезде, жұмыс берушінің еңбек инспекциясы келіп: «Сіз қызметкерлерді мердігер ретінде жасырып отырсыз. Айыппұл төлеңіз», — деп айту қаупі азаяды. Яғни, қызметкерлерді дұрыс рәсімдеу — бас ауыртатын мәселенің азаюы, айыппұлдардың аз болуы және даулардың қысқаруы деген сөз, — дейді заңгер.
Сонымен қатар ресми еңбек қатынастары болған жағдайда болашақта қызметкерлер тарапынан сотқа берілетін даулар саны азаяды. Жұмыс кестесі, міндеттер, демалыс — бәрі ресми болғанда, шағымдар мен талаптар аз түседі. Бұл компанияның жұмысын анағұрлым болжамды әрі тұрақты етеді.
Заңгер бұрын АҚК бойынша жұмыс берушілер тек көрсетілген қызмет үшін бір соманы төлейтінін, ал еңбек келісімшарты бойынша толық кепілдіктерді беру қажет болатынын атап өтті.
— Еңбек демалысын, ауруға байланысты төлемдерді, зейнетақы және әлеуметтік аударымдарды, сондай-ақ еңбекті қорғау жағдайларын қамтамасыз ету. Бұл компанияға қосымша шығындар әкеледі, — деді ол.
Сондай-ақ компанияларға ескі келісімшарттарды қайта қарап, штаттық кестені өзгерту тәрізді жұмыстарды қолға алуына тура келеді.
Жұмысшылар үшін не өзгереді
Заңгердің пікірінше, АҚК-тен еңбек келісімшартына өту қызметкерлерге көбірек қорғау мен тұрақтылық береді. Олар нақты әлеуметтік кепілдіктерге ие болады, мысалы, еңбек демалысы мен ауруға байланысты төлемдер.
— Қызметкер жалақының қашан, қанша төленетінін, қандай аударымдар жасалатынын және қандай әлеуметтік төлемдер берілетінін нақты біліп отырады, — дейді Нұрлан Жанабаев.
Ол сонымен қатар еңбек келісімшарты арқылы қызметкер өз құқықтарын қорғауды жеңілдететінін айтты. Егер жұмыс беруші шарттарды бұзса, өз құқығын дәлелдеу оңай болады.
АҚК бойынша жұмыс тәжірибесі
Айгүл үш жылдан астам уақыт АҚК бойынша жұмыс істейді. Ол бұл форматтың артықшылығы мен кемшілігін атап өтті.
— Мен облыста тұрамын, Алматыға күн сайын келу қиын болды. Жол 3 сағаттан артық уақыт алатын. Сондықтан АҚК-ға өттім, дұрыс шешім деп ойлаймын. Маған күнделікті қалаға барудың қажеті жоқ. Үйден шықпай-ақ міндетті орындаймын. Бірақ компанияда кейбір қызметкер жұмысына байланысты офисте болуға міндетті, тұрақты жұмыс кестесі бар болғанымен олар АҚК бойынша рәсімделген. Меніңше, бұл дұрыс емес, — дейді ол.
Айгүлдің айтуынша, негізгі кемшілік — осы жылдар еңбек өтіліне есептелмейді, ал бірнеше жылдан кейін зейнетке шығуы тиіс.
— Сондай-ақ, ауруға байланысты төлемдер мен еңбек демалысы жоқ. Ауырып қалсам, төлем алмадым, себебі мен қызметкер емес, қызмет көрсетуші болып есептелемін, — дейді Айгүл.
Алматы тұрғыны Гүлнар Досымшалова декреттік демалыс кезінде АҚК бойынша жұмыс бастаған.
— Балам кішкентай еді, толық жұмыс істеп, офисте жүре алмадым, әрі баланы қалдыратын адам жоқ еді. Дегенмен, қосымша табыс қажет болды, сондықтан АҚК бойынша рәсімделдім. Үйде отырып, жұмысымды орындадым, айына бір рет есеп тапсыру үшін келдім. Мен үшін бұл кішкентай балалары бар аналарға және қосымша табыс тапқысы келетіндерге ыңғайлы формат, — дейді ол.
Дегенмен, тұрақты әлеуметтік аударымдардың болмауынан қиындықтар туындаған.
— Екінші декреттік демалысқа шыққанда, зейнетақы аударымдарым болмады. Сол кезде ресми жұмысқа тұрмағаныма өкіндім, — дейді Гүлнар.
Айта кетейік, бұған Мәжілісте қызметкерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған заң жобасы қаралды. Заң бойынша, егер жұмысшы шын мәнінде еңбек қатынастарында болса, оған азаматтық құқықтық шарт жасасуға болмайды, бұл өзгеріс он мыңнан астам адамға еңбек демалысы, зейнетақы жарналары мен медициналық сақтандыру сияқты әлеуметтік кепілдіктер алуға мүмкіндік береді.