Азаматтық алғанына қарамастан оралмандар квота иеленуге, мемлекет тарапынан жәрдем алуға құқығы болуы шарт - Қ. Сәдуақасов

әуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Азаматтық алғанына қарамастан оралмандар квота иеленуге, мемлекет тарапынан жәрдем алуға құқығы болуы шарт.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстанның көші-қон заңнамасы: жетілдіру жолдары» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында депутат Қайрат Сәдуақасов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұған дейін де талай әңгіме арқауы болып жүрген «оралман» мәртебесін беруге заңнамалық тұрғыдан ықпал ету қажет деп білеміз. Бұны өмірдің заңдылығынан туындаған шара деп түсінген ләзім. Мәселен, қазіргі таңда шетелден келген қандастарымыз азаматтығын алған жағдайда «оралман» мәртебесінен айырылып қалады. Сондықтан да, бірқатар туыстарымыз квотаға ену мақсатында Қазақстанға келгеннен кейінгі біраз уақыт бойы азаматтығын алмай жүріп алады. Елімізге келіп, шетелдік азамат секілді тіркеліп тұрады. Нәтижесінде көптеген құқықтық және құжаттық кедергілерге соқтығады. Бұл олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына да елеулі әсер етеді. Сондықтан, біздің ойымызша, кез-келген шетелден көшіп келген этникалық қандастарымыз елімізде тіркелген сәттен бастап үш жылға дейінгі жеңілдіктерді иеленуі тиіс. Осы үш жылдың ішінде азаматтық алғанына қарамастан оралмандар квота иеленуге, мемлекет тарапынан жәрдем алуға да құқығы болуы шарт», деді Қ. Сәдуақасов.

Оның айтуынша, аталмыш қадам оралмандардың азаматтық алу мәселесіне қатысты туындайтын проблемаларды жеңілдете түседі. Сонымен бірге, депутат шетелден көшіп келген этникалық қазақтардың басым бөлігі мемлекеттік квотасыз, өз күшімен келгендер екендігін атап өтті. Бірақ, осылайша өз бетімен елге ұмтылғандардың баршасы кедендік алымдардан босатылмайды екен. «Осы мәселе қандастарымызды елге оралту үдерісіне кері әсерін тигізеді. Сондықтан этникалық қазақтардың өз бетімен көшіп келуіне барынша жағдай жасау қажет. Соның бір тетігі ретінде Отанына оралғысы келетін этникалық қазақтар үшін өздерімен бірге әкелетін дүние-мүліктеріне кедендік бажды болдырмау қажет», деді Қ. Сәдуақасов.