Азаматтық авиация британдық үлгі бойынша басқарылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы азаматтық авиация саласын басқару үшін ҚР Инвестициялар және даму министрлігі британдық модельді енгізуді көздеп отыр. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«2017 жыл Қазақстанның азаматтық авиациясы үшін шынында да, ерекше болды. Біз тұңғыш рет 23 пайыздық өсімге қол жеткізіп, соңғы 5-6 жылдағы ең ауқымды көрсеткішке қол жеткіздік. Сонымен бірге, осы жылдың алғашқы екі айындағы жұмыс та тұрақты жұмыстың жүріп жатқанын көрсетті. 2 айдың қорытындысы бойынша жолаушылар ағымы 20 пайызға, транзиттік ағым 25-27 пайызға артты», - деді министр.

Оның айтуынша, өткен жылы Астана қаласында жолаушылар терминалы пайдалануға берілген. Петропавл қаласындағы әуежайда жөндеу жұмыстары аяқталып, Семейдегі әуежайды жөндеу жұмыстары басталған. Биыл ендігі кезекте Қостанай қаласындағы әуежайды жөндеу жұмыстарын жүргізілгелі жатыр.

Азаматтық авиация саласындағы ілгерілеушілікті министр «Скат» пен «Эйр Астана» әуе компанияларының жұмысынан да байқауға болатынын жеткізді.

«Сонымен бірге, аталмыш саладағы қауіпсіздік мәселесі әрдайым бірінші кезекте тұр. Біз бүгінгі күні британдық әріптестермен (Британ азаматтық авиациясы агенттігі) бірге белсенді түрде азаматтық авиацияны британдық әдіспен басқару моделі тәжірибесін зерттеп жатырмыз. Бұл жолмен бұрын Сингапур, Дубай жүріп өткен еді. Біз де жыл бойында тиісті шараларды қабылдап, аталмыш модельге өтуді жоспарлап отырмыз», - деді Жеңіс Қасымбек.