Бүгінде «Трансаэро» әуекомпаниясы Мәскеуден Қазақстанның Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтау, Атырау, Шымкент, Қостанай, Көкшетау, Ақтөбе, Қызылорда қалаларына тұрақты рейстерді жүзеге асырады. 2015 жылдың 9 қазанындағы жағдай бойынша «Трансаэро» әуе компаниясы Қазақстан мен Ресей арасындағы бағыттар бойынша тұрақты рейстерге 2015 жылдың 15 желтоқсанына дейін 7150 билет сатқан. 1 қазаннан бастап әуе компаниясының рейстеріне билет сату тоқтатылғандықтан, 20 қазаннан кейін рейстерге орташа жүктеу 20-30% құрайды.
Сондай-ақ «Трансаэро» АҚ» ААҚ Қазақстандағы Бас өкілдігінің ресми ақпаратына сәйкес, ішкі және халықаралық бағыттар бойынша ресімделген билеттері бар жолаушыларды тасымалдаудың мерзімі 2015 жылдың 15 желтоқсаны сағат 00.00 дейін деп белгіленді. Ал 2015 жылдың 15 желтоқсанынан кейін ұшатын жолаушылар билеттерін өткізіп, ақшаларын толық көлемде қайтарып ала алады. Ескеретін жайт, жолаушылар әуе билеттерін сатып алған жерлеріне ғана өткізе алады. «Трансаэро» сайты арқылы сатып алынған билеттерді өткізуді ресімдеу үшін rev_reservation@transaero.ru электрондық адресіне келесі мәліметтерді жіберуі керек: жолаушының аты-жөнін латын қарпімен жазып жіберу; рейстің нөмірі; ұшатын күні; 13 саннан тұратын әуе билетінің нөмірі; билет сатып алған кезде көрсетілген e-mail; байланыс телефондары, қаланың немесе мемлекеттің коды қоса көрсетіледі; билетті қайтару туралы қосымша мәліметтер. «Трансаэро» әуе компаниясының ақпаратына сәйкес, сатылған билеттерді қайтару үшін 100 млн. теңге қаржы қарастырылған. Қазақстанда билеттерді қайтару «Трансаэро» АҚ» ААҚ ҚР Бас өкілдігі (Астана) мен Алматы қаласындағы өкілдігінде жүзеге асады. «Трансаэро» әуе компаниясының рейстері болмай қалған жағдайда тасымалдау туралы келісімге сәйкес әуе компаниясы жолаушылар алдындағы барлық жауапкершілікті өздеріне алады.
Қазақстан мен Ресей арасындағы әуе тасымалы саласындағы келісімдер бойынша Ресей тарапы «Трансаэро» әуе компаниясының рейстерін жүзеге асыруға басқа әуе компаниясын белгілеуге құқылы. Жаңа әуе компаниясын белгілеу мен рұқсат алу 30 күннің ішінде жүзеге асады. Қандай да бір өзгерістер болса, қосымша хабарланады.