шетелдік авиакомпаниялардың коммерциялық әуе тасымалымен қатысты Қазақстан Республикасының аумағында жасақталатын тұрақты емес (чартерлік) рейстерді жүзеге асыруына, егер өзгесі халықаралық келісімдермен немесе азаматтық авиация саласындағы құзыретті органмен берілген рұқсатпен көзделмеген жағдайда, тыйым салынады. Бұл туралы ҚР ККМ баспасөз қызметінен хабарланды.
Заңда Азаматтық авиация комитетінің ұшуларды жүзеге асыруға бір реттік рұқсаттарды беру мүмкіндігі көзделген нормасына байланысты, министрлік рұқсат беру жөніндегі шешімдердің «әділ» түрде өтуін қамтамасыз ететін механизмді әзірледі.
Тұрақты емес халықаралық әуе тасымалын жүзеге асыруға рұқсат беру және рұқсат беруден бас тарту негіздері ережесіне қажетті өзгертулер енгізілетін болады, сондай-ақ бұл ереже әділет органдарында тіркеуден өтіп, баспасөзде ресми түрде жарияланған соң, қолданысқа енгізіледі. Тіркеу және жариялау үдерісі кемінде 2 айға созылады.
Осы уақыт аралығында, яғни өзгертулер өз күшіне енгенге дейін, азаматтық авиация саласындағы құзырлы орган туристік чартерлік тасымалға рұқсат беруге кедергі келтірмейтін қолданыстағы ҚР Заңын басшылыққа алады.
Ережедегі өзгертулер өз күшіне енгеннен кейін (кемінде 2 айдан кейін) шетелдік компанияларға рұқсат көмек көрсету мақсатында чартерлік тасымалды ұйымдастыруға, іссапарлар мен жеке сапарлар үшін, салондық нұсқадағы әуе кемелерімен жүзеге асырылатын бір реттік ұшуларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының авиация билігі мен шетелдік мемлекеттердің авиация биліктері арасындағы өзара келісімшарт шеңберінде немесе қазақстандық авиакомпаниялардың чартерлік тасымалды жүзеге асыруына мүмкіндігі болмаған жағдайда ғана беріледі.
Бұдан басқа, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитеті мен ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Туризм комитеті Қазақстандық туристік қауымдастықпен бірлесе отырып, туристік компаниялардың отандық авиатасымалдаушылардың қызметін пайдалануға көшуі туралы бастама көтеретін болады.
Айта кетейік, Түркияның Sky Airlines авиакомпаниясының ағымдағы жылдың маусым айында банкротқа ұшырауы нәтижесінде қазақстандық туристер сатып алған билеттері бойынша дер кезінде елге орала алмай қалған болатын. Олардың елге оралуы мемлекеттің есебінен ұйымдастырылды. 2011 жылы дәл осыған ұқсас екі оқиға орын алды, шетелдік авиакомпанияға чартерлік рейске тапсырыс беруші - туристік операторлардың қаржылық проблемаларына орай, қазақстандық азаматтар Хайнань (Asia Wings,ҚР компаниясы) және Шарм-Эль-Шейх (Spot Air, египеттік авиакомпания) қалаларынан Қазақстанға дер кезінде қайта алмады.
Мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін ҚР Парламентінің депутаттары «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі» туралы ҚР Заңына шетелдік авиакомпаниялардың қазақстаннан чартерлік тасымалды жүзеге асыруына тыйым салуды көздейтін өзгерістерді енгізу туралы ұсыныс білдірген болатын.
Аталған өзгертулер мүдделі мемлекеттік органдармен, «Атамекен Одағы» ҰЭП-мен келісіліп, Парламенттегі жұмыс тобының 19 отырысында талқыға салынды. Туристік рейстерге қатысты дәл осындай норма ТМД елдері ішінде Ресей және Белоруссия елдерінде қолданылады. Ал, ЕО мемлекеттерінде бұл мәселе авиациялық билікпен және жергілікті тасымалдаушылармен келісіледі.