Азаматтық істер қаралатын сот отырыстарына прокурорлардың қатысуы қажет пе деген мәселе талқылануда

АНА. Қыркүйектің 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -Бүгін Астанада «Азаматтық сот өндірісін жүргізуге қатысушылардың бәсекелестігі мен теңдігін қамтамасыз ету мәселелері» атты тақырыпта дөңгелек үстел отырысы басталды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш шараны Бас прокуратура Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Астанадағы өкілдігімен және Қазақстанның авдокаттар одағымен бірлесіп ұйымдастыруда. Жиынға Жоғарғы сот пен Жоғарғы сот кеңесінің, Конституциялық Кеңес пен Бас прокуратураның, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Астанадағы өкілдігінің, сондай-ақ Бас прокуратура өкілдері мен Парламент депутаттары қатысуда. Жиын барысында олар сот өндірісіне қатысушылардың бәсекелестігі мен теңдігін қамтамасыз етуге қатысты қазіргі таңда қалыптасқан мәселелерді талқыламақ.

 Бас прокурордың аға көмекшісі Талғат Сәрсенбаевтың айтуынша, бүгінде Конституциямызда прокуратураның атқаратын рөлі, нақтырақ айтқанда прокурорлардың сот отырыстарына қатысып, онда мемлекеттің мүддесін қорғауға қатысты құзыры жан-жақты көрсетілген.

Соған қарамастан қазір заңгер мамандар арасында прокурорлардың азаматтық сот отырыстарына қатысуы дұрыс па деген мәселе төңірегінде түрлі пікірлер айтылып жүр. «Бүгінгі отырысқа қатысушылардың бір бөлігі прокурорлар сот отырысына қатысулары қажет десе, Батыс сарапшылары бізге Еуропалық кеңестің ұстанымын қолдауды ұсынып отыр. Ол прокуратура өкілдерінің қатысуымен өтетін азаматтық істерді мүмкіндігінше шектеу деген сөз. Біздің пікірімізше, өзге елдің тәжірибесін көз жұмып тұрып түгелдей көшіріп алу дұрыс емес және оны қоғам да дұрыс қабылдай алмауы  мүмкін. Оның үстіне біздің өзіміздің құқықтық базамыз, мәдениетіміз бен дәстүрлеріміз бар», деді Т.Сәрсенбаев.

 Оның  сөзіне қарағанда, Ата заңымыздың 83-ші бабы бойынша прокуратура елдегі заңдар мен Мемлекет басшысының Жарлықтарының талапқа сай орындалуын бақылайды. Сонымен қатар ол сот отырыстарына қатысып, мемлекет мүддесін қорғаушы бірден-бір орган. «Осы орайда айта кететін мәселе прокуратура

сот отырысына қатыспаса көптеген азаматтардың, әсіресе құқықтық жағынан терең білімі жоқ азаматтардың, мүдделері толықтай қорғалмауы да мүмкін. Отырыста Жоғарғы сот төрағасының атап өткеніндей, елдегі сот шешімдерінің 93 пайызы ешқандай талас-тартыс туғызбайды екен. Тек 7 пайызы ғана аппеляциялық соттарда қаралады. Осы 7 пайыз прокурорлардың араласуымен қаралған істер», деді прокуратура өкілі.