Азаматтық қоғам өкілдері кезектен тыс Президенттік сайлауда Елбасы кандидатурасын қолдайды

АНА. 18 ақпан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін ҚазАқпарат агенттігінің баспасөз орталығында БАҚ өкілдеріне мәслихат өткізген еліміздің бірқатар үкіметтік емес ұйымдарының жетекшілері кезектен тыс Президенттік сайлауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдайтындықтарын білдірді.

«Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдаймыз. Өйткені тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бері Президент үкіметтік емес секторға зор көңіл бөліп келеді. Елбасының барлық бастамалары елімізде өткен 4 азаматтық форум барысында әзірленген тетіктер мен құралдар бойынша азаматтық қоғамның жұмыс істеуіне негізделген», - деді Қазақстанның азаматтық альянсының төрағасы, Мәжіліс депутаты Айгүл Соловьева.

Баспасөз мәслихаты барысында азаматтық сектор өкілдері алдағы сайлауда Мемлекет басшысының кандидатурасын қолдайтын қазақстандықтар қатарынан табылатындығын мәлімдеді. Сондай-ақ олар Елбасы бастамаларын жүзеге асыруда барлық азаматтардың белсенділік танытуы қажеттігін атап өтті.