Азаматтық қоғамды қалыптастыруға қатысты тұжырымдаманың алғашқы кезеңі талапқа сай жүзеге асырылды - Қ.Саудабаев

sp;АСТАНА. Қарашаның 24-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елімізде азаматтық қоғамды дамытуға  бағытталған тұжырымдаманың бірінші кезеңі бойынша алға қойылған міндеттер толығымен орындалды. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан IV Азаматтық форум барысында Мемлекеттік хатшы - Сыртқы  істер  министрі Қанат Саудабаев мәлім етті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оның айтуынша, бұл бағыттағы шараларға үкіметтік емес ұйым өкілдері белсенді атсалысты. Ал тұжырымдаманың екінші кезеңі бойынша Мемлекет басшысы ауқымды шараларды жүзеге асыруды міндеттеп отыр. «Біріншіден, үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне қатысты құқықтық базаны жетілдіру керек. Бұл бағыттағы жұмыстар біздің осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктеріміз мен  тәжірибеміз негізінде өрбуі тиіс. Бірінші кезекте бізге үкіметтік емес ұйымдарды тіркеу шараларын оңтайландырып алған жөн. Бұл іс бойынша  халықаралық тәжірибеге арқа сүйеген абзал», деді Қ.Саудабаев.

 Сондай-ақ елімізде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстардың сапасына да көңіл бөлетін уақыт жетті. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тетіктерін «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» бір ғана заңмен реттеуге болады. "Әйтпесе, бұл жұмыстар қазір "Мемлекеттік сатып алулар туралы" сияқты өзге де бірқатар заңдардың сілтеме нормалары негізінде жүзеге асырылуда", деді Мемлекеттік хатшы.