Азаматтық қызметке ауысқан құқық қорғау қызметкерлерінің бұрын пайдаланып келген жеңілдіктері сақталады - Д.Құсдәулетов

АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Құқық қорғау саласын реформалау жұмыстарындағы басты мәселе - осы сала қызметкерлерінен шендерді алуға қатысты болып отыр»,- деді Әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетов бүгін Bnews.kz порталы арқылы өткен он-лайн конференция барысында.

Оның сөзіне қарағанда, бұл мәселе әсіресе қосалқы қызметтерді атқаратын қызметкерлерді толғандырып отыр. «Бұл ретте айта кететін мәселе, осы қосалқы қызметтерді атқаратын азаматтардың тұрғын үйге және коммуналдық қызметтерге деген құқықтары бұрынғысынша қала береді. Сондай-ақ бұрынғы шені үшін айлық жалақысына қосылған қаржы да сақталады. Алайда 2012 жылдан бастап, қосалқы қызметті атқаратын қызметкерлер азаматтық қызметкерлердің қатарына қосылады. Себебі олар өзі қызмет етіп отырған органның негізгі қызметін атқармайды»,-деді вице-министр.