Семинар-тренингте министр Асқар Умаров қатысушыларға арналған өз сөзінде: «Үкіметтік емес сектордың орасан зор қоғамдық әлеуеті бар, оның зияткерлік күші мен энергетикасын қарапайым азаматтардың пайдасына, ал сайып келгенде – әлеуметтік дамудың игілігіне айналдыру қажет», - деп атап өтті. Бүгінгі таңда Қазақстанда 22 мыңнан астам ҮЕҰ тіркелген, олардың 17 мыңға жуығы белсенді жұмыс істейді.
Семинардың басты мақсаты - мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимыл форматын зерделеу. Екі күндік тренинг аясында Азаматтық Альянстың өңірлік өкілдері дағдарысқа қарсы ақпараттық басқару құралдарын, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматын және әлеуметтік медиадағы стратегиялық коммуникацияларды талқылайды.
«Ең бастысы — мемлекеттік жүйе ашық, әділ болуы тиіс және бірінші кезекте адамға бағдарлануы тиіс», - деді Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева.
Жаңа Қазақстан жағдайында азаматтық сектор мен мемлекеттік органдардың коммуникацияның өзекті мәселелері бойынша семинар-тренингтің жұмысы ертең жалғасатын болады.