***
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасында жаңадан тағайындалған бірқатар шетел елшілерінен Сенім грамоталарын қабылдады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, рәсім кезінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Төтенше және өкілетті елшілердің дипломатиялық миссияның басшысы ретінде қызметіне кірісулері Қазақстан үшін айрықша кезеңмен - Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығымен орайлас келіп отырғанын атап өткен. «Біздің еліміз - ядролық қарусыздану және оны таратпау саласында ауқымды халықаралық ынтымақтастықтың белсенді мүшесі, біз әлемдегі 180-нен астам мемлекетпен сыртқы саяси байланыс жасап келеміз. Біз жақында Семей ядролық полигонының жабылуының 20 жылдығын атап өттік. Азия мен Еуропаның түйіскен жерінде орналаса отырып, біздің еліміз халықтар мен өркениеттерді байланыстыратын достық пен өзара түсіністіктің көпірі қызметін атқара алады», - деді Елбасы.
«Егемен Қазақстан» газетінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлының «Тәуелсіздік және Алаш» деген тақырыптағы көлемді мақаласы жарық көрді. «Алаш - рәміздік сөз. Алаш - ұлтты ұйыстырған ұран. Алаш - қазақ қоғамы тәжірибесіндегі жаңару мен серпілудің, білім-ғылым мен батыл ізденістің, адалдық пен тәуекелшілдіктің жарқын беті. Сол себепті Алаш тақырыбын ғылыми тұрғыдан зерделеу - жалпы Қазақстан үшін, елдің тәуелсіздік талаптары үшін әрқашан басымдық (приоритет) болып қалмақ», - деп жазады автор.
***
Кеше Түркияның Ыстамбұл қаласында күрес түрлері бойынша әлем чемпионаты басталды. 18 қыркүйекке дейін созылатын жарысқа жұмыр жердің теңдессіз балуандары түгелдей қатысуда. Олардың арасында Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері көптеп саналады. Себебі бұл бәсекеде 2012 жылы Лондонда өтетін Олимпиада жолдамалары сарапқа салынады. Ал ғаламдық ойындарға қатысу әр спортшының арманы екені айтпаса да түсінікті. Осы байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын палуандар жайында білгіңіз келсе «Айқын» газетіндегі «Түркияда тартыс басталды» деген мақалаға көз жүгіртіңіз.
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Уәлихан Қалижанов Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановқа депутаттық сауал жолдады. Онда бүгінгі күннің өткір мәселесіне айнала бастаған тағы бір түйткілді қозғады. Осыған орай «Айқын» газетінде «Азаматтықтан шығу азапқа айналмауы керек» деген тақырыппен мақала басылды. «Тарих пен тағдыр тауқыметіне орай 5 миллиондай этникалық отандастарымыздың әлемге тарыдай шашырап кеткені баршаға мәлім. Елбасы, Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың көші-қон саясатын ұлттық саясаттың өзекті саласы ретінде қарастыруына сәйкес, қазір 1 миллионға жуық бауырларымыз тарихи Отанына келіп үлгерді. Дегенмен соңғы уақытта Өзбекстан Республикасында тұратын қандастарымыздың Қазақстанға оралуына қолдан кедергі жасалуда», - деп жазады басылым.
***
Бүгінде әскерге шақыртылған жігіттердің үштен бірі майтабан дертінен зардап шегеді. Дәрігерлер осылай дейді. Дені сау, зіңгіттей жігіттерді бір қарағанда ешқандай дерт мазаламайтын сияқты. Ал түптеп келгенде ешуақытта жазылмайтын майтабан ауруынан азап шегетіні белгілі болып шығады. Оның түпкі мәнісіне үңілсек, дерттің дендеуін бала шақтан іздеген жөн сияқты. Демек бұл аурудың шығу төркініне үңілгіңіз келсе «Алаш айнасы» газетіндегі «Тұтынушының құқығын кім қорғайды?» деген мақалаға көз жүгіртіңіз.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Уақытша сенімді өкілі Джон Ордвейді қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамыту мәселесі талқыланды. «Көп жылдан бері Қазақстан Америка Құрама Штаттарының стратегиялық серіктесі болып табылады. Біз өткен жылы республиканың ЕҚЫҰ-ға төрағалығына қолдау көрсеттік және сіздердің елдеріңіздің ИЫҰ-ға төрағалығын да қолдаймыз. Қазақстан - біз үшін өте маңызды серіктес. Халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселелер бойынша, оның ішінде лаңкестікке және таратпауға қарсы іс-қимылдар туралы біздің пікірлеріміз бен мүдделеріміз ұқсас», - деді Дж.Ордвей Президентпен кездесуден кейін, журналистер алдында сөйлеген сөзінде.