МАЙАМИ. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Майами (АҚШ) WTA 1000 турнирінің жартылай финалында Беларусь өкілі Виктория Азаренкомен өтетін матч қарсаңында өз пікірін білдірді.
WTA-ның баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Е.Рыбакина ширек финалда әлемнің 9-ракеткасы, грекиялық Мария Саккаримен өткен ауыр матчтан кейін қалыпқа келудің қиынға түсетінін айтты.
«Азаренкомен ойын жеңіл болады деп ойламаймын, өйткені әр матч сайын өз бабыма оралуға жақындай түскеніммен, қалыпқа келу қиын болып тұр. Әрине, мұндай ауыр бәсекелер болашақта жәрдемдеседі, бірақ бір күн демалыс болғанның өзінде қалыпқа келу оңай емес. Матчтан кейін аяғымның ауырғанын сезіндім. Бұған төзуге тырысамын. Қазір ең бастысы – қалыпқа келу. Өзімді жақсырақ сезінемін деп үміттенемін», - деді Е.Рыбакина.
Рыбакина мен әлемнің 32-ракеткасы Азаренконың ойыны 28 наурызға белгіленген. Өзара кездесулерде есеп – 3:0, Елена алда тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Майами турнирінде Юлия Путинцеваның жартылай финалға шыға алмай қалғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Майамиде Елена Рыбакина әлемнің 9-ракеткасын жеңіп, жартылай финалға шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).