Азат Перуашев: Конституция жобасы – мыңдаған азаматтың ұжымдық еңбегінің жемісі
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев жаңа Конституция жобасын көп айға созылған ұжымдық жұмыстың нәтижесі деп атап, ұсынылып отырған өзгерістер кәсіби бірпалаталы парламентке көшуге, бизнес құқықтарын қорғауды күшейтуге және қоғамдық өкілдікті кеңейтуге негіз қалыптастыратынын айтты. Бұл туралы ол Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
– Жаңа Конституция жобасы жарияланды. Дайындық мерзімдері мен процесіне қандай баға бересіз?
– Жоба кемінде алты ай бойы әзірленді. Өткен жылдың 8 қыркүйегінде Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін парламенттік реформа бойынша Жұмыс тобы құрылды. Талқылауға саяси партиялардың, азаматтық қоғамның, бизнес пен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты. Тек парламенттік реформа бойынша 600-ден астам, ал конституциялық реформаға қатысты 1600-ден аса ұсыныс түсті. Бұл – мыңдаған адамның ұжымдық еңбегі.
– Қазір Конституциялық комиссия жұмысы қай кезеңде?
– Комиссия жұмысын жалғастырып жатыр. Құжаттың жалпы контуры айқындалды, алайда соңғы сөзді кез келген жағдайда халық референдумда айтады. Талқылау жүріп жатыр, ұсыныстар түсуде, бұл – қалыпты демократиялық үдеріс.
– Жоба бірпалаталы парламентке және сайлаудың пропорционалды жүйесіне көшуді көздейді. Бұл неліктен маңызды?
– Партиялық тізімдер бойынша сайлау саяси партиялардың рөлін күшейтіп, кәсіби парламент қалыптастырады. Шешім қабылдау үшін көпшілік қажет, ал ол тек пікірлес адамдардан құралған команда болғанда мүмкін. Пропорционалды жүйе жеке ұстанымды ғана көрсетумен шектелмей, нақты нәтижеге жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
– Жобада жеке меншік пен бизнес құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлінген. Мұның мәні неде?
– Жеке, коммерциялық және банктік құпияның қол сұғылмастығына кепілдік бизнеске деген сенімді және инвестициялық ахуалды қалыптастырады. Конституция нормалары тікелей қолданылатын болуы маңызды, сонда азаматтар өз құқықтарын қосалқы нормативтік актілерге емес, тікелей Негізгі заңға сүйене отырып қорғай алады.
– Жобада цифрландыру мен дербес деректерді қорғау мәселелері көрініс тапқан ба?
– Иә. Цифрландыру – мүмкіндіктермен қатар тәуекелдер де әкеледі. Сондықтан дербес деректер мен цифрлық құқықтарды қорғау мәселесі, соның ішінде біздің партияның бастамасымен Конституцияда бекітілді.
– Жалпы Конституция жобасына қандай баға берер едіңіз?
– Мен оны оң бағалаймын және ауқымды ұжымдық еңбекке құрметпен қараймын. Жоба саяси жүйені ашық әрі икемді етеді, қоғамдық мүдделердің өкілдігін күшейтеді және мемлекеттің заманауи сын-қатерлерге тиімді жауап беруіне көмектеседі.
– Конституция қоғамдық өкілдіктің қандай жаңа тетіктерін ұсынады?
– Алғаш рет Халық кеңесі енгізіледі. Ол ең жоғары консультативтік орган ретінде 42 ұлттық-мәдени бірлестік өкілінен, сондай-ақ азаматтық қоғам мен өңірлер көшбасшыларынан құралады деп жоспарланған. Кеңеске заң шығару бастамасы құқығы беріледі. Бұл – мемлекетті қоғамға жақындататын құрылымдық жаңашылдық.
– Сіздіңше, жаңа Конституция ел болашағында қандай рөл атқарады?
– Біз азаматтар өз болашағын өздері айқындайтын жаңа саяси кезеңге қадам басып отырмыз. Алайда Конституцияны қабылдау ғана емес, оның нормаларын іс жүзінде жүйелі әрі адал жүзеге асыру да аса маңызды.
Айта кетейік, Жаңа Конституцияда адам құқығын қорғауға қатысты қандай өзгеріс бар екенін мынау сілтемеден оқи аласыз.