Оның сөзінше, өңірлердегі кәсіпкерлермен кездесу барысында сауда орталықтарының иелері мен жалға алушылар қазір халық аз келетіндіктен, тауарлардың көбі өтпей тұратынын айтады.
— Бүгінде сауда кешендері шағын және орта бизнестің аса маңызды бағыты болса да, жұмысы тоқырап тұр. Онда баратын жұрттың қарасы сиреген, жалға алушылар саны қысқарған. Сауда нысандарының инвестициялық тартымдылығы құлдырап, көптеген зал мен дүңгіршек қаңырап тұр. Ал осы орталықтарды және инфрақұрылымды салуға миллиардтаған теңге инвестиция салынған еді. Мұндай әр объектінің ар жағында жүздеген жұмыс орны, салық түсімдері, отандық өндірушілер мен жеткізушілердің қызметі тұр, — деді Азат Перуашев ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке жолдаған депутаттық сауалында.
Оның айтуынша, ойын-сауық және сауда орталықтарының иелері мен жалға алушылары қаржылық тұрақтылықты сақтауы үшін аталған нысандарды және ондағы инфрақұрылымды өзгерту қажет. Оларда балалардың ойын алаңы, спорт аймақтары, аттракциондар, фитнес орталықтары, сауықтыру кешендері, білім беру мекемелері, компьютер клубтары, фудкорттар т. б. қызмет түрлері болғаны жөн. Сонда аталған объектілерге деген бұқараның қызығушылығы артады.
— Бірақ мұндай жұмыстар, яғни сауда ғимараттарын кең ауқымда жөндеу, жаңғырту, қайта құру қосымша уақыт пен қаржыны талап етеді. Сол себепті, бизнес өкілдерімен бірлесе отырып, сауда орталықтарының қызметін қайта құру бағдарламасын жасақтауға кірісуді ұсынамыз. Нысандарды қайта жасақтау, жаңғырту, құрылғыларды ауыстыру жұмыстары үшін бағдарлама қатысушыларына қолжетімді несие беруді және салық демалыстарын қарастыруды ұсынамыз, — деді депутат.
Айта кетейік, бұған дейін депутаттар электронды сауда салығын жеңілдетуді ұсынғанын жазғанбыз.