Азат Перуашев жасырын олигархтарға рақымшылық жасауды ұсынды

Фото: Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына сауал жолдап, оффшорлық аймақтардан капиталды қайтару үшін рақымшылық жариялауды ұсынды.

— Халықаралық экономикалық дағдарысқа байланысты қаржы сарапшылары қоры құралдары мен АҚШ долларына инвесторлардың сенімі айтарлықтай төмендегенін хабарлауда. Дәл осы себеппен оффшорлық аймақтардағы жинақтардың да анағұрлым құнсызданатынын болжап отыр, — деп бастаған депутат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қауіпсіздік кеңес отырысында айтқан тапсырмаларын еске салды.

Оның айтуынша, қазіргі әлемдегі ахуал Қазақстан экономикасын оффшордан азат етуге таптырмайтын мүмкіндік ұсынып отыр.

— Жеке табыс салығын төлеу шартымен оффшорлық және басқа да шетелдік юрисдикциялардан қайтарылатын капиталға басқа жауапкершілік жүктемей рақымшылық жасау мәселесін қарауды ұсынамыз. Келесі жылдан бастап жаңа салық мөлшерлемелерінің күшіне енуі де активтердің тезірек қайтару үшін маңызды қосымша ынталандыру болуы мүмкін. Мұндай қадам жасырын олигархтарға геосаяси ахуалы шиеленісіп тұрған жағдайда оффшорлық шоттардағы қаражаттың одан әрі құнсыздануы кезінде ықтимал шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Ал экономикаға қосымша қаражат пен инвестиция әкелу мүмкін. Оффшорлық аймақтардан және басқа да шетелдік юрисдикциялардан капиталды қайтару үшін рақымшылық жариялау мәселесін қарастыруды ұсынады, — деді Азат Перуашев.

Еске салсақ, АҚШ президенті Дональд Трамп импорт тауарларына 10%-дан 49%-ға дейінгі жаңа баж салығын жариялағаннан кейін әлемдік технология алпауыттарының акциялары құлдыраған болатын