Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында мәлім болды.
Отырыс барысында осы мәселеге байланысты баяндама жасаған Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешовтың айтуынша, Орталық сайлау комиссиясының құрамын бекіту тәртібі еліміздің Конституциясы мен «Сайлау туралы» заңында нақты көрсетілген.
«Сайлау туралы» заңның 10-бабына сәйкес ОСК-дан өзге комиссия құрамдарын саяси партиялардың ұсыныстары негізінде мәслихаттар бекітеді. Яғни, мұнда саяси партиялардың ұсыныстарына басымдық беріледі. Ал ОСК-ға келетін болсақ, оның Төрағасын қоса алғанда, 3 мүшесін Мемлекет басшысы тағайындайды. Сондай-ақ Парламент палаталарының өкілдері 2 мүшеден тағайындайды. Яғни заңда сайлау комиссияларын жасақтау мәселесі анық, әрі нақты көрсетілген. Соған қарамастан біз Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның ұсынысына қатысты Бас прокуратураның да көзқарасын білгенді жөн санап, аталмыш органға сұрау салдық",-деді Б.Мелдешов.
Оның сөзіне қарағанда, Бас прокуратураның жауабы мынадай: «Сайлау туралы» конституциялық заңның 20-бабының 4-тармағына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясында арнайы өкілдері жоқ саяси партиялар өздерінің өкілдерін сайлау комиссияларының құрамына ұсынуға құқылы. Алайда бұл талапты тек аймақтық және учаскелік сайлау комиссияларына ғана қатысты қолдануға болады.
«Осы мәселелерді ескере келгенде мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбай мырзаның өтінішін қабылдаудан бас тарту қажет деп санаймын»,-деді Б.Мелдешов.