«Азаттық флотилиясымен» байланысты оқиғаны тексеру жөніндегі комиссия құрылды

АСТАНА. Тамыздың 3-і. ҚазАқпарат - Біріккен Ұлттар ұйымының бас хатшысы мамыр айында Түркиядан Газа секторына бара жатқан жолда «Азаттық флотилиясына» жасалған шабуылдың мән-жайын тексеру жөніндегі комиссия құрды.

Бұл туралы Бас хатшы Пан Ги Мунның дүйсенбі күні жарияланған мәлімдемесінде айтылып отыр, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.

«Комиссияның құрылғаны туралы хабарлағым келеді», - деп атап көрсеткен БҰҰ Бас хатшысы, сондай-ақ «мәмілеге келуге деген талпыныстары үшін Түркия мен Израиль басшыларына» алғыс білдірді және олардың алдағы уақытта да ынтымақтаса беретіндігіне үміттенетіндігін жеткізді.

«Комиссияға Жаңа Зеландияның бұрынғы премьері Джеффри Палмер жетекшілік ететін болады, ал оның орынбасарлығына жақында өз өкілеттік мерзімін аяқтағалы отырған Колумбия президенті Альваро Урибе белгіленді», - делінген мәлімдемеде.

Комиссияның құрамына тағы екі адам - Израиль мен Түркияның өкілдері кіретін болады. Комиссия жұмысын тамыздың 10-ында бастап, қыркүйек айының ортасына қарай аяқтауды жоспарлап отыр.