«Азбука жилья» үлескерлері сот үкіміне қанағаттанбай отыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласында «Азбука жилья» құрылыс компаниялары тобының басшыларының әрекетінен зардап шеккен «Айсанам», «Айсанам де люкс», «Комсомольский», «ExpoCity», «ExpoTown», «Комфорт», «Гарант», «Жеті Жол», «Садовые кварталы» және «Династия» тұрғын үй кешендерінің үлескерлері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан үлескерлік және инвестициялық-үлескерлік нысандарды аяқтауға қаржылық көмек сұрап, конференция ұйымдастырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, конференцияның басты мақсаты -аяқталмаған тұрғын үй мәселесіне билік өкілдерінің көңілін аударту.

Үлескерлер «Азбука жилья» компаниясының басшылығына қатысты сот үкіміне қанағаттанбай отыр.

«Сот үкімімен «Азбука жильяның» тәркіленген дүние-мүлкі мен активтері де сатылып құрылысқа салынады деп айтылды. Топ менеджерлер сотталды. Біз бұл шешімге қанағаттанбаймыз. Себебі, басты қылмыскерлер жазасын алмады», - деді «Айсанам де люкс» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің төрағасы Мұрат Қасенов.

Оның айтуынша, тыйым салынған дүниелер туралы ақпарат қылмыстық іс барысында тексерілуі керек болған. Бірақ, ол туралы мәлімет берілмеген. Оның үстіне іргетасы қаланған 9 кешенді тұрғызып бітіру үшін 20 миллиард теңге керек. Ал бір ғана «Айсанамды» бітіру үшін 5 млрд теңге жүмсалады.

«Азбука жильяның» 18 ірі компаниясының үлесі Самат Ордабай деген жеке тұлғаның атына өткен. Прокуратураға барып, адвокаттық сұрау жолдағанда анықталғандай, 2016 жылдың 21 қыркүйек күні Құралбай Шәмші деген кісіге сатылған. Бұл мәселе бойынша да Бас прокуратураға шағымдандық. Үкіметтің №1039 қаулысына сәйкес, мемлекеттен қаржылық көмек сұрап отырмыз. Осы мәселенің негізгі фигуранты Ерқанат Тайжановтың отбасы мүшелері мен бауырларының жеке мүлкін тексерістен өткізіп, тәркіленуін сұраймыз. Сондай-ақ, тәркіленген активтерді мемлекет өзіне қайтарып алып, есесіне 4 мыңға жуық үлескердің пәтерлері мемлекеттің араласуымен қолданысқа берілуін қалаймыз», - деді ол.

Еске сала кетейік, Астана қаласы Алматы аудандық №2 сотының 2016 жылғы 28 қарашадағы үкімімен «Азбука жилья» компаниясының топ-менеджерлері «Жеті-Жол», «Гарант», «Комсомольский», «Садовые кварталы», «Экспо Сити», «Expo Town», «Айсанам De Luxe», «Комфорт De Luxe», «Династия» тұрғын үй кешендері үлескерлерінің ақшалай қаражатын жымқырып, қылмыс жасауда айыпты деп танылды және түрлі жазалау шараларына кесілген еді.