Қазақстан мұнайын Әзербайжан арқылы тасымалдау көлемі 3 млн тоннаға жетті

Фото: Коллаж: Kazinform / Freepik / Report.az

АСТАНА. KAZINFORM – Ақтау портынан үшінші млн тонна мұнай тиелген «Ақтау» танкерінің рейске аттануы маңызды оқиғаға айналды. Жүк 13 мамыр күні Әзербайжандағы Сангачаль терминалына сәтті жетіп, Қазақстанның энергетикалық саласы үшін көлік дәлізінің маңыздылығын қуаттай түсті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

кіжақты ынтымақтастықтың маңызды қадамы

Қазақстанның «Теңіз» кен орнынан мұнайдың алғашқы партиясы 2023 жылдың наурызында Бакуге жеткізілген болатын. Сонан соң еліміздегі келесі ірі кен орны «Қашағаннан» да Әзербайжанға қара алтын тасымалдау қолға алынды. Мұнай тиелген бірінші танкер осы жылдың қаңтарында жөнелтілді.

Бұрынғыдай Қазақстан мұнайы стратегиялық маңызы бар Баку-Тбилиси-Жейхан құбыр желісіне құйылады. Бұл - Қазақстан үшін Жерорта теңізі аумағындағы елдер мен Түркияға мұнай жеткізудің баламалы бағыты. Былтыр дәл осы тасымалдау желісімен Қазақстан 1,4 млн тонна шикізат өткізген.

Мұнай тасымалдау көлемін арттыру жоспары

2025 жылы Баку-Тбилиси-Жейхан құбыры арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдаудың болжамды көлемі 1,7 млн тоннаны құрайды. Бұл жеткізілім көлемін арттыруға бағытталған ұзақмерзімді жоспардың бір бөлігі саналады.

Естеріңізге сала кетсек, 2024 жылдың наурызында Қазақстан мен Әзербайжан өкілдері Әзербайжан арқылы мұнай тасымалдау көлемін біртіндеп арттыру туралы келісімге қол қойған еді. Құжатқа сәйкес, жеткізілім көлемі жылына 2,2 млн тоннаға дейін артады. Тіпті еліміз Жерорта теңізі арқылы өтетін осынау құбыр желісімен мұнай экспорттау көлемін 20 млн тоннаға жеткізуге мүдделі.

Коллаж: Kazinform / Freepik / Midjourney

- Баку–Тбилиси–Жейхан құбыр желісінің жылдық өткізу қабілеті — 50 млн тонна. Қазіргі келісім бойынша Қазақстан жылына осы бағыт арқылы 1,5 млн тонна шикізат экспорттай алады. Әзербайжан осы көлемді 2,2 млн тоннаға дейін ұлғайтуға қызығушылық білдірген. Екі жақтың мүдделі мемлекеттік органдарымен осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз, -деген еді агенттік тілшісіне сұхбат берген Энергетика министрлігі Мұнай тасымалдау және өңдеу департаментінің бас сарапшысы Сұлтанбек Сәдуақасов.

Жоғарыда аталғаннан бөлек, 2025 жылдың қаңтарында SOCAR Midstream Operations LLC «ҚазМұнайГаздың» еншілес KMG Trading компаниясымен келісімшарт жасасты.

Келісімшартқа сәйкес, 2025 жылы «Қашаған» кен орнынан 240 мың тонна мұнай тасымалданады. Аталған мұнайдың алғашқы партиясы осы жылдың қаңтарында Ақтау портында танкерге тиеліп, Әзербайжанның Сангачаль терминалы жеткізілді.

Жеткізілім көлемін арттырумен қатар мұнайдың сапасын да ескерген жөн. Өйткені, 2030 жылға қарай Әзербайжанда мұнай өндіру көлемі 25 млн тоннаға дейін, ал экспорт 20 млн тоннаға дейін қысқаруы мүмкін. Бұл жайт Қазақстан мұнайын бірлесіп жөнелтуге зор мүмкіндік ашады. Алайда, сапаға қатысты мәселе туындауы мүмкін. Себебі Қашаған мен Теңіз кен орындарынан алынатын мұнайдың құрамында күкірт көп және ол Azeri Light бренді сапасына әсер етуі ықтимал. Мәселені шешу жолы тазарту немесе «мұнай сапасы банкі» жүйесін (мұнай сапасы банкі – бұл мұнайды араластыру нәтижесінде оның тұтыну құнының өзгеруін өтеу әдістемесі. МСБ өндіруші компаниялардың кірістерін олар өндіретін мұнайдың сапасына байланысты саралауды болжайды) енгізу болмақ.

Қазір Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы келісім 4 айға созылатын сынақ кезеңінде.

— Біздің мұнайдың құрамында күкірт пен меркаптан бар. Ол Әзербайжан мұнайында меркаптан мүлдем жоқ, күкірті өте төмен. Қазақстаннан жеткен мұнай Әзербайжан өнімінің сапасына, бағасына кесірін тигізбей ме? Сынақ мерзімі сол үшін белгіленіп отыр. Осыдан кейін келісімшарттағыдай Қазақстан мұнайының көлемін біртіндеп арттырамыз, — дейді «ҚМГ Қашаған Б.В.» ЖШС бас директорының коммерциялық мәселелері жөніндегі орынбасары Қуаныш Кескінбаев.

Мұнан бөлек, сарапшылардың пайымынша, 20 млн тонна мұнайды сәтті тасымалдау үшін Қазақстан мұнайының сапасын ғана жақсартып қоймай, жаңа құбыр желілері мен компрессорлық стансалар салып, Транскаспий мұнай құбырымен байланысты экологиялық және саяси мәселелерді де шешу қажет. Бұл жобаның қомақты қаражат пен ұзақ уақытты талап етері сөзсіз. Ал оның сәтті жүзеге асырылуы Каспий маңындағы барлық елдің келісіміне тікелей байланысты.

Болашаққа болжам

Жалпы, Қазақстан мұнайын Әзербайжан арқылы тасымалдауды дамыту энергетикалық бағыттарды әртараптандыру және екіжақты байланыстарды нығайту жөніндегі ортақ стратегияның маңызды бөлігіне айналып отыр. Жеткізілім көлемі артуының арқасында Қазақстан мен Әзербайжан әлемдік энергетикалық нарықтағы орындарын нығайтып, экономикалық өзара байланыстылығын күшейте алады. Ал бұл өз кезегінде жалпы өңірдің экономикасына оң әсерін тигізеді.

Бұған дейін Баку–Тбилиси–Жейхан құбыр желісімен мұнай экспорттау көлемін 20 млн тоннаға жеткізуге Әзербайжан қалай қарайтындығына, Ақтау портының инфрақұрылым әлеуеті ондай көлемді игеру қауқарына қатысты сарапшылар пікірін жазған едік.