Әзербайжан астанасы «Формула-1» Гран-приіне дайындалып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжан Гран-приі қарсаңында Бакудегі жарыс жолы көлік пен жаяу жүргіншілер үшін жабылып, жарысқа қатысты дайындық толық аяқталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің өңірдегі меншікті тілшісі.

Фото: Baku city circuit

Бірнеше күннен соң «Формула-1» жүйріктері жүйткіп өтетін Баку көшелері жарыс додасына сай жаңа кейіпке енді.

Күнделікті көлік қозғалысы өтетін Баку көшелерінің бір бөлігі бүгінде толыққанды жарыс жолына айналды. Жол бойына қорғаныс бөгеттері орнатылып, көрерменге арналған трибуналар қойылды. Қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, жол жабыны жарысқа толық әзірленді.

Жарысқа айрықша сән беретін тағы бір ерекшелік — қаланың тарихи бөлігін бойлай өтетін трассасы. Болидтер Азадлыг пен Азнефть алаңдарының жанынан зулап, ғасырлар қойнауынан жеткен Қыз мұнарасы мен Ичеришехердің көне қамал қақпаларының тұсынан өтеді. Заманауи автоспорттың алапат екпіні мен көне қаланың айбынды сәулеті тоғысқан бұл көрініс Баку жарысына қайталанбас сипат дарытады.

Каспий теңізінен — Ичеришехердің көне қамалдарына дейін

Гран-при жарысы Азадлыг алаңынан басталады. Сөре сызығынан шыққан болидтер алдымен теңіз жағалауындағы тасжолға бет алып, одан әрі қаланың тарихи орталығына енеді. Мұнда оларды Ичеришехердің тар әрі техникалық тұрғыдан күрделі көшелері күтіп тұр.

Фото: АЗЕРТАДЖ

Баку автодромы — «Формула-1» күнтізбесіндегі өзгеше трассалардың бірі. Мұнда болидтер ұзын әрі жылдам түзу бөліктерден сырғып өтіп, тарихи қаланың күрделі бұрылыстарына енеді. Заманауи жарыс техникасы мен ғасырлар бойы сақталған сәулеттің осылайша қатар тоғысуы Әзербайжан кезеңіне өзіндік сипат береді.

Биылғы дода күнтізбедегі өзіндік форматымен ерекшеленіп отыр.

Гран-при тарихта алғаш рет сенбі күні өтеді.

Негізгі жарыс 26 қыркүйекке жоспарланған, яғни бастапқы межеленген күннен бір күн ерте өтеді. Бұған 27 қыркүйекте Әзербайжанда атап өтілетін Әскери қызметшілерді еске алу күні себеп болды.

Демалыс күндеріндегі жарыс бағдарламасы төмендегідей:

  • 24 қыркүйек — еркін жаттығулар;
  • 25 қыркүйек — іріктеу;
  • 26 қыркүйек — Әзербайжан Гран-приі.

Жарысқа қатысушылар 20 бұрылысты қамтитын, ұзындығы 6 шақырымға жуық трассада 51 айналым жасауы керек.

Әзербайжан үшін алдағы Гран-при «Формула-1» кезеңінің Бакуде оныншы рет өтуімен ерекшеленеді. Бүгінде бұл жарыс халықаралық автоспорт күнтізбесінен тұрақты орын алды, ал қалалық трасса елдегі айтулы жарыстың өзіндік символына айналды.

Жанкүйерлер үшін мазмұнды бағдарлама әзірленді

Әзербайжан Гран-приі аясында Баку гүлзарында Фан-аймақ жұмыс істейді. Жанкүйерлер үшін F1 жарыс симуляторы, пит-стоп бойынша сайыс, Ninja Challenge, зиплайн, интерактивті және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Балалар үшін шағын электромобильдермен жарыс, аквагрим, шеберлік сабақтары мен түрлі ойын-сауық бағдарламалары қарастырылған.

Фото: АЗЕРТАДЖ

Бағдарлама қонақтарға жарыс жүргізушілері мен команда мүшелерімен жүздесуге, әртістердің өнерін тамашалауға және түрлі шоу-бағдарламаларды көруге мүмкіндік береді.

Музыкалық бағдарлама Crystal Hall сахнасында жалғасады. 24 қыркүйекте Кельвин Харрис, ал 25 қыркүйекте Кэти Перри өнер көрсетеді.

Бұған дейін «Формула-1» Бахрейн Гран-приін Малайзияға ауыстырғаны хабарланған болатын.

Сондай-ақ Түркияның алты жылдық үзілістен кейін «Формула-1» күнтізбесіне қайта оралатыны туралы жазған едік.