Әзербайжан автокөлік әкелуге шектеу енгізуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжанда жеке тұлғаларға шетелден автокөлік әкелуге шектеу қою ұсынылды. Бастама бойынша бір адамға жылына тек бір көлік әкелуге рұқсат етіледі, оны сату құқығынсыз. Ал екінші көлік тек отбасы мүшелері үшін әкелінуі мүмкін және ол да сатуға жатпайды.
Бұл ұсынысты Әзербайжан автомобиль дилерлері қауымдастығының (ӘАДҚ) төрағасы Эйюб Алиев Minval агенттігіне берген сұхбатында айтты.
Оның сөзінше, жаппай импорттаушылар елге әкелінген көліктерді сапалы қызметпен қамтамасыз ету үшін сервис орталықтарын ашуы тиіс.
Алиевтің айтуынша, параллель импорт ресми дилерлерге де, тұтынушыларға да қиындықтар туғызады. Көбіне елге Қытайдың ішкі нарығына арналған көліктер жеткізіледі, олардың мәзірі қытай тілінде, ресми сервистік қызметі мен кепілдігі жоқ.
Ол мұндай көліктерді сатып алған азаматтар қымбат жөндеу шығындарына тап болатынын атап өтіп, тұтынушыларға тек ресми дилерлерден кепілдігі бар автокөліктерді алуға кеңес берді.
Сондай-ақ Алиев Қытайда ішкі нарыққа арналған көліктердің экспортына қойылатын талаптардың күшейтілетінін айтты. Жаңа ережелерге сәйкес, мұндай көліктерге қосымша салық салынып, алты ай бойы сыртқа шығаруға тыйым салынуы мүмкін. Бұл жағдайда жаңа көліктер де пайдаланылған ретінде есептеледі.
Қауымдастықтың пікірінше, ұсынылып отырған шаралар автонарықты реттеуге, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және ресми мен жеке импорттаушылар арасындағы әділ бәсекені қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін Қазақстанда жеңілдетілген шартпен әкелінетін электромобильдерге арналған 15 мың дана квота толық пайдаланылғаны хабарланған болатын.