Ведомствоның мәліметінше, Әзербайжанның 2026 жылға арналған мемлекеттік бюджетінің жобасында «қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік» шығындары 8 млрд 714,8 млн манат (шамамен 5,1 млрд доллар) деңгейінде қарастырылған.
Қорғаныс саласынан басқа, білімге (2,9 млрд доллар), әлеуметтік қорғауға (2,8 млрд доллар) және экономиканы дамытуға (4,4 млрд доллар) қомақты қаржы бөлінетін болады.
Жалпы, 2026 жылға арналған бюджет кірісі 38 млрд 423 млн манат, шығысы 41 млрд 548,6 млн манат көлемінде болады деп болжанып отыр. Тапшылық 3 млрд 125,6 млн манатты немесе ЖІӨ-нің 2,3 пайызын құрайды.
Оны жабудың негізгі көздері – мемлекеттік қарыз алу, қазынашылық шоттағы қаражат және жекешелендіру түсімдері.
Есептеу бойынша, кірістер құрылымында мұнай-газ секторы түсімдердің 42,6%-ын, ал шикізаттық емес сектордың үлесі 57,4%-ды құрайды.
Бюджеттік есептерде Әзербайжан мұнайының бағасы барреліне 65 доллар болып белгіленген.
Осылайша, Әзербайжан 2026 жылы армия мен қауіпсіздік күштерін қаржыландырудың тұрақты деңгейін сақтайды.
2024 жылдың соңында Әзербайжан 2025 жылға арналған мемлекеттік бюджетте қорғаныс пен ұлттық қауіпсіздікке жұмсалатын қаражат мөлшерін ұлғайтуды көздеп отырғанын жазған болатынбыз.