Кездесуде облыс әкімінің орынбасары Ақмола облысының экономикалық-әлеуметтік даму барысы, ел ордасы Астана қаласының іргесінде орналасқандықтан, өзіндік ерекшеліктері туралы айтып өтті.
«Бұл артықшылық ең алдымен жауапкершілік, -деді Нұрлан Нүркенов. Республикадағы астықты көп өндіретін үш облыстың бірі - біздің облыс. Жалғыз аграрлық облыс қана емеспіз, соңғы жылдары өнеркәсіптік-аграрлық өңірге айналып отырмыз. Облыс кәсіпорындары жыл басынан бері 350 миллиард теңгенің өнімдерін өндірді. Бір айта кетерлігі, бұрын ескерілмеген салалар дамып, өз өнімдерін де өндіруде. Ақмолалық диқандар биылғы жылы 5,7 миллион тонна астық жинап алды. Оның 70 пайызға жуығы үшінші ұласты. Өндірілген астықтың дені экспортқа шығарылады. Сіздер біздің еліміздегі ең ұлық мерекелердің бірі - ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында қасиетті Көкшетау мен Қараөткелдің топырағын басып, ыстық құшақтарыңызды жайып, ықыластарыңызды танытып келіп отырсыздар. Сондықтан, облыс әкімі атынан қош келдіңіздер деген ықыласымызды жеткізе отырып, екі елдің арасындағы экономикалық, мәдени, рухани байланыстарымызды дамытуға ынталы екендігімізді білдіргім келеді.
Мұнан соң Қазақстан Республикасындағы Әзербайжан елшілігінің кеңесшісі Агаджавид Рамазанов сөз алып, сапар мақсатын, алдарына қойған міндет-мұраттарын айтып берді.
«Әрине, кез-келген сапардың экономикалық сипаты болатындығы рас. Бірақ, түптеп келгенде біздің ойымыз бұл өлкеде тауарымызды сатып, пайда таба қояйық дегендік емес, түбін қуып келгенде туысқан болып шығатын ағайынды екі елдің арасындағы сыйластық сезімді арттыра түсу. Ең алдымен, сіздердегі Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы ыстық ықыласпен айтуға болар еді».
«Дұрыс айтасыз,-деді Нұрлан Нұркенов, - бұл ұйым ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Қазіргі күні Ақмола облысында жүзден астам ұлт өкілдері араларынан қыл өтпейтін достық қарым-қатынаста, тату-тәтті тіршілік құрып жатыр. Облыс орталығындағы Достық үйінде бірнеше ұлттың тілі оқытылып, өнері мен мәдениеті үйретіледі. Әрбір ұлттың өз тарихын, ұлттық ерекшелігін жете білуіне барлық жағдайды туғызып отырмыз».
Агаджавид Рамазанов та біздің облыста өз қандастарының көптеп тұратындығын, олардың бақуатты тіршілігі, рухани байлығы туралы білетіндігін айтып өтті. Сөз арасында барлық ұлттарға бірдей шапағат-шарапатын төгіп, жағдайын жасап отырған барша қазақстандықтарға шынайы алғысын білдірді. Әзербайжан Ішкі істер министрлігінің өкілі Насими Шикаров та сөз алып, екі елдің де табиғатынан айрықша қонақжай екендігіне тоқталды. Ел ішіндегі тұрақтылыққа, ауызбірлікке алғыс-лебізін айта келіп, келер күндердің көкжиегінде де дәл осындай үрдістен жаңылмауды тіледі.
Ал, өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуде ақмолалықтардың әзербайжандармен сауда-экономикалық қарым-қатынасы сөз болды. Осы ретті, меймандар бейнеролик арқылы сауда, туризм, логистика саласы бойынша ұсынатын қызмет түрлерін ақмолалық кәсіпкерлерге таныстырды.
«Соңғы жылдары біздің елде мұнай өндірісіне зор көңіл бөліне бастады. Осының арқасында елдің экспорттық әлеуеті артып отыр. Сіздердің облыстарыңыз шикізатқа бай. Бүгінгі біздің сапарымыздың мақсаты да осы екіжақты сауда-саттықты дамыту болып табылады», - деді Қазақстан Республикасындағы Әзербайжан елшілігінің кеңесшісі Агаджавид Рамазанов.
Сонымен қатар, кездесу барысында Ақтау қаласындағы «Азерсун» ауыл шаруашылығы кешенінің жұмысы да айтылды. Қазақстандық кәсіпкерлер Әзірбайжан елінен әкелінетін тауарларды осы логистикалық орталық арқылы жеткізе алады. Кез-келген тауарға қатысты кедендік рәсімдеу, қабылдау, жөнелту тәрізді шараларды осында жүзеге асыруға болады.
Жалпы, кездесу барысында осы мәселелер, атап айтқанда, агроөнеркәсіптік сектор, туризм, және сауда-экономикалық мүмкіндіктер де кеңінен қарастырылды.