Кездесуде қос тарап мұнайлы өңір мен Әзербайжан арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамыту жайын талқылады.
«Біздің алдымызда бірінші кезекте аймаққа инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, салық түсімдерін арттыру, қос тарап арасындағы сауда-экономикалық байланысты дамыту мәселесі тұр. Сондықтан сіздерді тараптық әріптестікті нығайта түсуге шақырамын», - деді Нұрлан Ноғаев.
«Біз аймақтың экономикалық әлеуетін зерделеп, бірлесіп жұмыс істеу үшін Атырауға ірі трансұлттық компаниялардың өкілдерін әкеліп жатырмыз. Бұл сапарымызда аймақтың экспорттық әлеуетін зерттесек дейміз», - деді елші.
Айта кетейік, Атырауда Әзербайжан капиталы бар 42 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың ішінде металл өңдеумен, дәрігерлік қызмет көрсетумен, дайын тамақ өнімдерін өндірумен айналысатын компаниялар бар. Қос тарап арасындағы тауар айналымы 2017 жылдың 4 айы ішінде 1,8 миллион АҚШ долларын құраған. Атырау облысы Әзербайжанға негізінен тұщы суда мекендейтін балық, күкірті бар газойл мен мазут, газ құбырлары және басқа да өнімдерді шығарады.
Облыста қазір жалпы аумағы 210 гектар Индустриалды аймақ құрылып жатыр. Аймақта әлемдік стандарттарға сай өнеркәсіптік-өндірістік кешендер құру жоспарланған.
Инвесторлар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ-мен бірлесіп әртүрлі салада инвестициялық жобаларын жүзеге асыра алады. Айта кететін жайт, бірлесіп жұмыс істеу кезінде ұлттық компанияның үлесі 49 проценттен аспауы керек.
Облыста инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында «Atyrau Innovations» ЖШС құрылған. Мекеменің мақсаты бір терезе қағидасымен инвесторларға ақпараттық, сервистік қолдау көрсету.