Әзербайжан Қазақстанның ЭКСПО көрмесін өткізу тәжірибесіне қызығады - ӘР Президентінің көмекшісі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2025 жылы «ЭКСПО-2025» халықаралық көрмесін өткізуге ұсыныс білдіріп отырған Әзербайжан Республикасы Қазақстанның мол тәжірибесіне қызығып отыр. Елбасы туралы кітаптың әзербайжан тіліндегі тұсаукесерінде Әзербайжан Республикасы Президентінің қоғамдық-саяси мәселелері жөніндегі көмекшісі Әли Гасанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.



«Астана халықаралық деңгейдегі ауқымды шаралар өтіп жататын ірі қалаға айналып келеді. Сол шаралардың бірі ретінде - «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін атап өтуге болады. Өздеріңіз білетіндей, Әзербайжан тарапы 2025 жылы осындай ЭКСПО көрмесін өткізуге ұсыныс білдірді. Осыған орай, біз шараны жоғары дәрежеде өткізген Қазақстан тарапының тәжірибесіне қызығып отырмыз. Сонымен бірге, ЭКСПО көрмесін өткізетін қаланы таңдауда қолдау білдірген Қазақстан Үкіметіне алғыс білдіреміз», - деді Әли Гасанов.

 

Оның айтуынша, Қазақстан үшін маңызды қадамдардың бірі - латын қарпіндегі қазақ әліпбиіне көшу мәселесі.

 

«Біріншіден, бұл қадам қазақтардың бірлігін нығайта түседі, екіншіден өзге түркі халықтарымен Қазақстанның ынтымағы нығая түседі. Қазақстанның барлық жетістіктерін - Президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі деп айтуға болады. Сөзсіз Нұрсұлтан Әбішұлы - ең алдымен өз халқының ұлы, сонымен бірге әлемдік дәрежедегі тұлға», - дейді Әли Гасанов.

 

Еске сала кетсек, Астанадағы Елбасы кітапханасында бүгін әзербайжан тіліндегі «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабының тұсаукесері болып өткен болатын. Кітаптың тұсауын кітаптың авторы ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы, Тұңғыш Президент - Елбасы кітапханасының директорының міндетін атқарушы, профессор Махмұд Қасымбеков пен Әзербайжан Республикасы Президентінің қоғамдық-саяси мәселелері жөніндегі көмекшісі Әли Гасанов кесті. Туынды 2012 жылы жарық көргеннен бастап орыс, ағылшын, венгр, араб, неміс, серб және француз тілдеріне аударылған.