Әзербайжан мектептерінде сабақ кезінде телефон пайдалануға тыйым салынды

АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжанның Ғылым және білім министрлігі елдегі мектепке дейінгі топтар мен жалпы білім беру мекемелерінде мобильді және электрондық құрылғыларды пайдаланудың жаңа ережелерін бекітті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бакудегі меншікті тілшісі .

Фото: PA Media

Тиісті шешімге Әзербайжанның Ғылым және білім министрі Эмин Амруллаев қол қойды.

Бекітілген ережелерге сәйкес, мобильді және электрондық құрылғыларға ұялы телефондар, планшеттер, смарт сағаттар, ноутбуктар, портативті ойын консольдері және дауыстық және бейне байланыс, интернетке қол жеткізу, ақпаратты сақтау және беру, сондай-ақ мультимедияда пайдалануға арналған және басқа да ұқсас құрылғылар жатады.

Құжатта оқушыларға сабақ кезінде мобильді және электрондық құрылғыларды пайдалануға тыйым салу қарастырылған.

Оқушылар білім беру мекемесіне әкелген құрылғылар сабақтар аяқталғанша мектеп әкімшілігі белгілеген арнайы орындарда өшірілген немесе дыбыссыз режимде сақталуы тиіс. Бұл мақсатта арнайы бокстар, шкафтар және басқа да арнайы сақтау орындары пайдаланылуы мүмкін.

Оқу процесінде мобильді құрылғыларды пайдалануға тек оқытушының рұқсатымен және тек білім беру мақсаттарында – электрондық оқу материалдарына қол жеткізу, мамандандырылған қосымшаларды пайдалану, презентациялар дайындау және зерттеу жұмысын жүргізу үшін рұқсат етіледі.

Бұдан басқа, білім беру мекемесінің аумағында ақпарат алмасу үшін мобильді және электрондық құрылғыларды пайдалануға тек төтенше жағдайлар, денсаулық мәселелері және басқа да шұғыл жағдайларды қоса алғанда қажеттілік туындаған жағдайда ғана рұқсат етіледі.

Құжатта цифрлық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Білім беру мекемелерінің әкімшілігіне оқушылар, мұғалімдер және ата-аналар үшін цифрлық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік, электронды ойындарды қауіпсіз пайдалану және киберқауіпсіздік мәселелері бойынша білім беру іс-шараларын үнемі ұйымдастыру тапсырылған.

Бұдан бұрын Әзербайжанда заңсыз құмар ойын бизнесіне жауапкершілікті күшейту жоспарланып отырғанын жазған болатынбыз.