Әзербайжан мен Армения азаматтық қоғам өкілдерінің жаңа кездесуіне дайындалып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — «Бейбітшілік көпірі» бастамасы аясында Әзербайжан мен Армения азаматтық қоғам өкілдерінің келесі кездесуі 2026 жылдың соңына дейін өтеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бакудегі тілшісі Trend агенттігіне сілтеме жасап.

Фото: Еуропа Кеңесі

Халықаралық қатынастар мен мультимәдениеттілікті талдау орталығы төрағасының орынбасары Фархад Маммадов Әзербайжан тарапының үйлестірушісі қызметін атқаратыны хабарланды.

Оның айтуынша, кездесуді Армения аумағында өткізу жоспарланған. Алдағы іс-шараның егжей-тегжейлері әлі жарияланған жоқ.

«Бейбітшілік көпірі» — екі елдің азаматтық қоғам өкілдері арасындағы тікелей диалог алаңы. Бастама өзара сенімді нығайтуға және қоғамдық деңгейде байланыстарды сақтауға бағытталған. Кездесулер барысында қатысушылар бейбітшілік процесін, аймақтық қауіпсіздікті, ақпарат алмасуды және азаматтық қоғамның қарым-қатынастарды қалпына келтіруге қосқан үлесін талқылайды. Бастама аясындағы алғашқы кездесу 2025 жылдың 21-22 қазанында Ереванда, ал келесі кездесу сол жылдың 21-22 қарашасында Бакуде өтті. Соңғы кезең 2026 жылдың 10-12 сәуірінде Әзербайжанның Габала қаласында болды. Осы байланыстар барысында тікелей диалогты дамыту, сенімді нығайту және қоғам өкілдерінің бейбітшілік күн тәртібін ілгерілетуге қатысуы талқыланды.

Алдағы кездесу екі ел өкілдері арасындағы бейбітшілік процесі аясында өтіп жатқан байланыстарды жалғастырады.

Өткен аптада Дублинде Әзербайжан мен Армения көшбасшылары бейбітшілікті нығайту, көлік байланыстарын дамыту және экономикалық ынтымақтастықты кеңейту бойынша одан әрі қадамдарды талқылады.

Бұған дейін Армения бейбіт келісімге қол қойылғаннан кейін Әзербайжанға қарсы талап-арыздарын қайтарып алатыны хабарланған.

АҚШ, Әзербайжан және Армения TRIPP жобасы бойынша техникалық топтар құрды.