Әзербайжан мен Армения Даниядағы кездесуден кейін диалогты жалғастыруға келісті
АСТАНА.KAZINFORM - Копенгагендегі Еуропалық саяси қоғамдастықтың 7-ші саммитінің ашылу салтанаты аясындағы келіссөздер конструктивті атмосферада өтіп, екі ел арасындағы тұрақты бейбітшілік үшін маңызды қадам болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен ұйымдастырылған Вашингтон бейбітшілік саммитінде қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асырылуын талқылады. Екі жақ та бұдан әрі диалогқа дайын екендіктерін қуаттап, Вашингтон декларациясында бекітілген қағидаттарды ұстанатындықтарын білдірді.
Көлік коммуникациялары мен инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Тараптар Әзербайжандағы логистикалық хабтар мен автожолдар құрылысының барысын, сондай-ақ Арменияда жүзеге асырылып жатқан TRIPP жобасын егжей-тегжейлі талқылады. Көшбасшылар заманауи көлік бағыттарының іске қосылуы экономиканың өсуіне, аймақтық тұрақтылықты нығайтуға және шекараның екі жағындағы өмір сүру деңгейін жақсартуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Кездесудің маңызды нәтижесі ЕҚЫҰ-ның Минск процесін жабу және онымен байланысты құрылымдарды тарату туралы шешімді бірауыздан мақұлдау болды.
Кездесу соңында көшбасшылар тікелей байланысты сақтап, жақын арада келіссөздердің жаңа раундын ұйымдастыруға келісті.
Естеріңізге сала кетейік, 8 тамызда Әзербайжан президенті, Армения премьер-министрі және АҚШ президенті Вашингтонда Баку мен Ереван арасындағы қарым-қатынасты бейбіт жолмен реттеу туралы бірлескен декларацияға қол қойған болатын.
Бұған дейін Әзербайжан Армениямен бейбітшілік орнатудың негізгі шарттарын атады.
Армения премьер-министрі бейбіт келісімді қамтамасыз ету үшін Конституцияға өзгерістер енгізуге дайын екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Баку мен Ереван арасындағы уағдаластық Қазақстанға қалай әсер ететіні туралы сарапшылар пікірін жариялаған едік.