Құжатқа комитет төрағасы Анар Гулиев пен UN-Habitat атқарушы директоры Анаклаудия Россбах қол қойды.
Келісім Әзербайжан мен UN-Habitat арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашады. Ұйым Әзербайжанның оккупациядан азат етілген аумақтарындағы елді мекендерді жобалауға тікелей қатысады. Бұл жұмыс II «Ұлы оралу» мемлекеттік бағдарламасы аясында туған жеріне қайтып жатқан тұрғындар үшін тұрақты әрі қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Жоба аясында халықаралық және әзербайжандық мамандар Жебірейіл ауданының Гюйджак және Келбаджар ауданының Моллабайрамлы ауылдарына арналған аумақтық жоспарлау құжаттарын әзірлейді. Сонымен қатар халықаралық ұсынымдарды ескере отырып, Қарабақ пен Шығыс Зангезурдағы тұрақты елді мекендерді жобалау тәсілдері жетілдіріледі.
Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – ұлттық кадрлық және институционалдық әлеуетті нығайту. Осы мақсатта қала құрылысы, аумақтық жоспарлау және тұрақты даму саласындағы әзербайжандық мамандарға халықаралық сарапшылардың қатысуымен тренингтер мен практикалық семинарлар өткізіледі.
Қол қою рәсімі алдында Анар Гулиев пен Анаклаудия Россбах екіжақты кездесу өткізіп, қала құрылысы, кеңістіктік жоспарлау, тұрақты урбанизация және климаттың өзгеруіне төзімді қалаларды дамыту бағытындағы ынтымақтастықты талқылады. Сондай-ақ тараптар биыл мамырда Бакуде өткен Дүниежүзілік қалалар форумының 13-сессесі (WUF13) мен COP29 аясында көтерілген бастамалардың нәтижелерін бағалап, ынтымақтастықты жалғастырудың маңызын атап өтті.
Анаклаудия Россбах WUF13 форумының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, оның БҰҰ жүйесі мен халықаралық қатысушылар тарапынан жоғары бағаланғанын жеткізді. Ал Анар Гулиев форум аясында қалыптасқан серіктестік жаңа бірлескен жобаларға негіз болғанын және қол қойылған келісім Шығыс Зангезурда тұрақты, зияткерлік әрі инклюзивті елді мекендерді дамытуға елеулі үлес қосатынын айтты.
Кездесуде 16 шілдеде БҰҰ Бас Ассамблеясында басталатын Жаңа қалаларды дамыту бағдарламасының іске асырылуын аралық бағалауға арналған жоғары деңгейдегі кеңеске дайындық мәселелері де қаралды. Анаклаудия Россбах саяси декларация бойынша келіссөздер айтарлықтай ілгерілегенін және қорытынды құжат қабылданады деген сенім бар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, WUF13 аясында қол жеткізілген нәтижелер мен қалыптасқан ынтымақтастық бұл үдеріске елеулі үлес қосты.
Айта кетейік, бұған дейін Әзербайжан жүк тасымалдау көлемін екі есеге арттырғалы жатқанын жаздық.