Әзербайжан мен Грузия жүк пойыздарының шекарадан өту уақытын екі есеге қысқартады

АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжан мен Грузия мемлекеттік шекара арқылы өтетін жүк пойыздарының жүру уақытын екі есеге жуық қысқартуға және Орта дәліз бойындағы жүк тасымалының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін шаралар туралы келісімге келді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлайды.

Фото: Азертадж

Тиісті шешімдер екі елдің теміржол әкімшіліктері басшылары мен салалық мемлекеттік органдар өкілдерінің шекарадағы Бөйүк-Кесік станциясында өткен жұмыс кездесуінде қабылданды.

Тараптар Бөйүк-Кесік — Тбилиси — Бөйүк-Кесік учаскесінде электровоздардың пойыз құрамдарын ажыратпай жүруін ұйымдастыруға, сондай-ақ вагондарды техникалық тексеруді қайталаудан бас тартуға келісті. Жаңа тәртіпке сәйкес, тексеру шекараның әр жағында бір рет қана жүргізіледі: Әзербайжаннан шыққан пойыздар үшін — Бөйүк-Кесік станциясында, ал кері бағытта — Тбилиси станциясында. Жаңа жүйе сынақтан сәтті өтті.

Кездесу барысында теміржол әкімшіліктері мен кеден қызметтері арасындағы цифрлық деректер алмасуды кеңейту, сондай-ақ Баку — Тбилиси бағыты бойынша қосымша жолаушылар пойызын іске қосуға дайындық және шекаралық әрі кедендік рәсімдерді жеңілдету мәселелері де талқыланды.

Келісімдер халықаралық жүк тасымалын жеделдетуге, Орта дәліздің транзиттік әлеуетін нығайтуға және оны Еуразиядағы негізгі көлік бағыттарының бірі ретінде бәсекеге қабілетті етуге ықпал етеді деп күтілуде.

Бұған дейін Грузия мен Түркияның жүк тасымалына арналған электрондық рұқсат жүйесіне көшкені хабарланған болатын.

Сондай-ақ Грузияның Әзербайжан және Армения шекарасына дейін жаңа жоғары жылдамдықты автожол салатыны туралы жазған едік