Мұнайдан өнеркәсіп пен логистикаға
Ресми деректерге сәйкес, 2024 жылы Әзербайжанның жалпы ішкі өніміндегі мұнай секторының үлесі 2022 жылғы 66 пайызбен салыстырғанда 2 тармаққа артты. 2025 жылы бұл көрсеткіш 72,9 пайызға дейін артпақ. Мұның үстіне 2024 жылы мемлекеттік бюджеттің мұнайдан түсетін табысы жылдық мәнде 5,6 пайызға артып, 19,4 млрд манатқа (11,4 млрд доллар) жеткен еді. Алайда мұнай-газ саласына құйылатын инвестиция көлемі 9 пайызға қысқарып, шамамен 3 млрд долларды құрады. Бұл ресурстық саясаттың жаңа бағытқа бет алғанының белгісі.
— Біз тұтастай ауысуды байқап отырмыз. Әсіресе, мұнай емес сектордағы шетел инвестициясының өсімі байқалады, — деп жазған Moody’s агенттігі көлік, логистика және өңдеу өнеркәсібі секторларындағы тұрақты өсімді атап өтеді.
Бұған Сумгаит химия-өнеркәсіп паркі жарқын мысал бола алады. Бұл паркте өнімнің кең шоғыры, полимерлерден бастап құрылыс материалдарына дейін шығарылады. Сонымен қатар Әзербайжан Транскаспий халықаралық көлік дәлізі (Орта дәліз) аясында логистикалық орталық ретіндегі орнын күшейте түсуде. Соңғы 5 жылдың ішінде ел Гарвард экономикалық өсім зертханасының экономикалық күрделілік индексінде 44-орынға жоғары көтерілді.
— Бұл өнеркәсіптің сәтті әртараптандырылғанына дәлел бола алады, — деп атап өтеді Гарвард университетінің Халықаралық даму орталығы елдің «Экономикалық күрделілігін» бағалаған мамырдағы есебінде.
Құрылымдық реформалар және іскерлік орта
Елдің ресми тұлғалары мемлекеттік бастамалардың рөлін айрықша атап өтеді. Олардың қатарында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту, бәсекелестік туралы заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламалары бар.
2025 жылдың шілдесінде елде 1,6 миллион салық төлеуші мен шамамен 200 мың коммерциялық ұйым тіркелген. Бұл көрсеткіштер олардың сәйкесінше жылдық мәнде 4,8 және 7,7 пайыздан астамға өскенін көрсетеді.
— Нормативтік-құқықтық ортаны жақсарту және кәсіпкерлікті ынталандыру шешуші маңызға ие. Алайда, бұл серпінді сақтап қалу үшін білім беру, қаржы саласы және мемлекеттік кәсіпорындарды басқару бағыттарында дәйекті реформалар қажет, — деді Әзербайжан мемлекеттік экономика университеті «Экономика және басқару» кафедрасының оқытушысы Мамед Талыблы.
Азия даму банкі (АДБ) бұл көзқараспен келіседі. АДБ өзінің соңғы баяндамасында «айқын ілгерілеушілікке қарамастан, ұзақ мерзімді мұнайға қатысы жоқ экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым, білім беру және мемлекеттік сектордың тиімділігін арттыру бағытында қосымша реформалар қажет» екенін атап көрсеткен.
Әртараптандыру сын-қатерлері
Қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан Әзербайжан Республикасы экспортының 90 пайыздан астамы әлі де болса мұнай мен газға тәуелді. 2024 жылдың басынан бастап мұнай бағасының күрт төмендеуі экономиканы әртараптандыру қажеттілігін бұрынғыдан да күшейте түсті.
— Әзербайжан әзірге сыртқы күйзелістерден қорғалмаған. Көмірсутек экспортына құрылымдық тәуелділік елдің осалдығын анықтайтын негізгі фактор болып отыр, — деді экономист Натиг Джафарли.
Оның пайымынша, қалыптасқан жағдай Әзербайжанның аймақтық та, жаһандық да нарықта берік орын алуына мүмкіндік беру үшін шұғыл өзгерістердің қажет екенін көрсетіп отыр.
— Бұл елдің экономикалық саясаты мен стратегиясында ауқымды реформалар жүргізуді талап етеді. Экономиканың әртүрлі секторын дамыту тұрақтылықты арттырып, ұзақ мерзімді табысқа қол жеткізуді қамтамасыз етер еді, — деді сарапшы.
Әзербайжандық бизнес жетекшілері де ахуалды жақсара түсуге мүмкіндіктердің бар екендігін алға тартады.
— Мұнайға қатысы жоқ секторларды реттеу және ынталандыру реформаларын құптауға болады. Алайда, кедендік рәсімдер, салық саясатының тұрақтылығы мен халықаралық қаржыландыруға қолжетімділік секілді мәселелер әлі де назар аударуды қажет етеді, — деді кәсіпкер Ильгар Алиев.
Тұрақты әрі инклюзивті болашақ
Нью-Йоркте өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму жөніндегі Жоғары деңгейдегі форумында Әзербайжан Экономика министрлігінің бөлім меңгерушісі, Тұрақты даму жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесінің хатшысы Гусейн Гусейнов Әзербайжан тек қалпына келтіру үдерісімен шектеліп қана қоймай, инклюзивті әрі әртараптандырылған экономикалық модельді табысты жүзеге асыра отырып, берік болашақ құрып жатқанын атап өтті.
— 2011 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде елдің жалпы ішкі өнімі жылына орта есеппен 2 пайызға өсті, ал мұнай мен газға қатысы жоқ сектордың өсімі жыл сайын орта есеппен 4,4 пайызды құрады. Бұл көрсеткіштер экономиканы әртараптандыру стратегиясының табысты іске асырылып жатқанын білдіреді. Аталған стратегия аясында ең төменгі жалақыны, зейнетақыны және басқа да трансферттерді арттыру көзделген. Бұл халықтың осал топтарының экономикалық тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді, — деді спикер.
Реформаларға беталыс
Әзербайжанның стратегиялық жол карталарында 2025 жылы мұнайға тәуелділікті одан әрі азайту көзделген. Үкімет жоспарларында экспортты ынталандыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға, сондай-ақ жаһандық құн тізбектеріне тереңірек интеграциялануға басымдық беріліп отыр.
Жалпы, халықаралық сарапшылар Әзербайжанның дұрыс жолда келе жатқанымен келіседі.
— Үкіметтің өнеркәсіптік инвестициялар, құқықтық реформалар және жаһандық саудаға интеграциялануды біріктіретін көпдеңгейлі тәсілі барынша тұрақты әрі әртараптандырылған экономикаға негіз қалады, — деп атап өтеді Growth Lab.
Дегенмен, сарапшылар реформалар қарқынын сақтау мен құрылымдық мәселелерді шешу қол жеткізілген нәтижелерді бекіту үшін шешуші маңызға ие болатынын ескертеді. Ал, жалпы пікір Әзербайжанның экономикалық болашағы енді мұнай бағасына емес, барлық сектордағы ұзақ мерзімді реформалар жүргізу қабілетіне тәуелді болатындығы төңірегінде түйіседі.
Бұған дейін Әзербайжан отандық азық-түлік өнімдерін, әсіресе Еуропалық Одақ елдеріне шығару мүмкіндігін кеңейту және экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында реттеу және бақылау шараларын жалғастырып жатқанын жазған едік.