Әзербайжан – Орталық Азия үшін Шығыс-Батыс бағытында сенімді транзиттік ел – сарапшы

Фото: Фото: Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты

АСТАНА. KAZINFORM - Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев 9 тамызда Астанада өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуіне қатысуды жоспарлап отыр. Осы орайда Әзербайжан Орталық Азия елдері үшін неліктен маңызды деген сұрақтың жауабын ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) Азиятану бөлімінің аға сарапшысы Бауыржан Әукен Kazinform тілшісіне сұхбатында айтып берді.

Бауыржан Әукен Орталық Азия мен Әзербайжанды елдер арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан бауырлас қарым-қатынас байланыстыратынын атап өтті. Ортақ мәдени мұра мемлекетаралық қарым-қатынасты одан әрі нығайту және кеңейту үшін берік негіз болып саналады. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан мен Әзербайжан өзара егемендік пен аумақтық тұтастықты сақтай отырып, екіжақты және көпжақты форматта өзара іс-қимыл жасап келеді. Жоғары деңгейдегі сапарлар одан әрі ынтымақтастықтың жаңа векторын ашады.

«Қазақстан мен Әзербайжан Орталық Азия және Оңтүстік Кавказдың геосаяси өзара байланысы үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды. Бұл елдер экономикасының, демографиялық және көліктік әлеуетінің өсіп келе жатқанына байланысты. Сондай-ақ, ынтымақтастықтың маңызды факторларының бірі – өзара сауда мен инвестицияның өсуі. Мәселен, өткен жылы тауар айналымы тарихи жоғары деңгейге жетіп, 529,4 миллион долларды құрады, – дейді сарапшы.

Ол екі ел үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызына тоқталды.

«Екіжақты қарым-қатынаста негізгі орынды көлік-логистика секторы алады. Қазір Транскаспий халықаралық көлік бағытының қабілетін арттыру бойынша бірлескен жұмыстар белсенді жүріп жатыр. Орталық Азия елдері үшін Әзербайжан – Шығыс-Батыс бағытта сенімді транзит. Тағы бір маңызды жобалардың бірі – «Цифрлық Жібек жолы». Ол Азия мен Еуропа арасында цифрлық телекоммуникация дәлізін құруды көздейді. Жоба аясында Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарланған. Бұл өңірдегі цифрландыру мен байланыс қызметтерін дамытуға маңызды үлес қосады, – деп атап өтті Бауыржан Әукен.

Сарапшы Қазақстан мен Әзербайжанның қатынасын жоғарыда аталған екі жоба нығайтады және бұл жобаларда біздің елдеріміз басты рөлдерді атқарып, Орталық Азия мен Кавказды Каспий теңізі арқылы байланыстырады деген пікір қосты.

Сонымен қатар, Әзербайжандағы COP29 контексінде Қазақстанның қолдауына ерекше назар аудару қажет. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл маңызды оқиғаны қолдайтынын айтып, Әзербайжан басшысына конференцияға байланысты құттықтауын жолдап, оған өзі және Қазақстаннан делегаттар көп болатынын жеткізді.

«Бұл елдеріміз арасындағы достық пен жаһандық экологиялық бастамаларға адалдықты, сондай-ақ өзекті экологиялық мәселелерді шешуге дайындықты көрсетеді, – деп түйіндеді ҚСЗИ сарапшысы.