Әзербайжанның бұрынғы шенеунігіне елге опасыздық жасады деген ауыр айып тағылды
АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжан президенті әкімшілігінің бұрынғы басшысы Рамиз Мехтиев үй қамағына алынды. Бұл туралы Тrend.az жазды.
Тrend.az сайтының хабарлауынша, Рамиз Мехтиев ауыр қылмыстық баптар бойынша айыпталып, үй қамағына жіберілді.
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, Мехтиевке Әзербайжан Қылмыстық кодексінің 278.1 («Мемлекеттік билікті басып алуға бағытталған әрекеттер»), 274 («Мемлекетке опасыздық») және 193-1.3.2 («Қылмыстық жолмен табылған мүлікті заңдастыру») баптары бойынша айып тағылып отыр.
Баку қаласының Сабаиль аудандық соты тергеушілер ұсынған өтінішті қанағаттандырып, Мехтиевке қатысты бұлтартпау шарасы ретінде төрт ай мерзімге үй қамағына алу туралы шешім шығарды.
Айта кетейік, Рамиз Мехтиев 1995 жылдан 2019 жылға дейін Әзербайжан президенті әкімшілігін басқарған, ал 2019 жылдан 2022 жылға дейін Ұлттық ғылым академиясының президенті қызметін атқарған.
Бұған дейін Әзербайжан арнайы қызметтері Иорданияда мемлекетке опасыздық жасады деп айыпталған Азер Багировты ұстаған еді. Ол Иордания Хашимиттік Корольдігінің аумағында қолға түсіп, арнайы операция арқылы Әзербайжанға жеткізілді.