«Алматы маңындағы ұшақ апаты салдарынан қаза тапқан адамдар туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадық. Осы қайғыға байланысты өз атымнан және Азербайжан халқы атынан қаза болғандардың отбасыларына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Апаттан зардап шеккендер мен жараланғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз»,-делінген Әзербайжан басшысының көңіл айту хабарламасында.
Қайғылы оқиға белгілі болғаннан кейін Әзербайжандағы ҚР Елшілігіне бауырлас елдің түрлі саладағы өкілдерінен, оның ішінде қоғамдық-саяси, іскер топ, сондай-ақ қарапайым жандардан көңіл айтқан хабарламалар түскен. Олар да зардап шеккендердің тезірек жазылып шыққандарын тілейді.
Айта кетейік, бүгін таңда Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті.
Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлімдеді.
Елбасы Нұр-Сұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты.
Автор:
Бекбау Тайманов