Әзербайжан саясаттанушылары Астана процесін талқылады

БАКУ. ҚазАқпарат -  «Оңтүстік Кавказ» әзербайжандық саясаттанушылар клубының 50-ші мерейлі отырысы «Астанадағы келіссөздер қорытындысы әзербайжандық саясаттанушылар көзімен» тақырыбымен өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

«Астана процесіндегі көп нәрсе БАҚ назарынан тыс қалды, біздің сарапшылардың сол тақырыптарға тоқталғаны жөн. Мәселен, бұл шара болмас бұрын, қауіпсіздік бойынша орасан зор жұмыстар атқарылды. Соңғы кездері әлемнің түкпір-түкпірінде лаңкестік актілер болып жатқандықтан, қазақстандық тарап қауіпсіздікке ерекше мән берді. Мұндай тақырыпта келіссөздер өткізу - өте құнды», - деді модератор, саясаттанушы Ильгар Велизаде.

Сонымен бірге, ол Астана процесінде Ресей, Түркия, Иран және Асад режімі өкілдерінің басты рөлде болғанын атап өтті. АҚШ пен БҰҰ арнайы өкілі келіссөздерге қатысқанымен, бақылаушы ретінде есте қалды.

Саясаттанушы Фикрет Садыхов келіссөздерде дипломатиялық салтанатты, күлімдеулер мен формальды келіссөз процестері бар хаттамалық кездесулерді ешкім де күтпегенін баса айтты: «Бұл түрлі конфессиялар, этникалық азшылықтар, түрлі мүдделер мен әлемдік саясаттағы маңызды тұлғалар қатысқан өте күрделі, жарылу қаупі бар процесс болды».

Саясаттанушы Эльхан Шахиноглу Сирияда екі соғыстың жүріп жатқанын ескеру қажеттігін айтты: біріншісі - лаңкестермен соғыс, оған үкіметтік жасақ пен Түркия, Иран, Ресей сынды сыртқы ойыншылар қатысуда, екіншісі - азаматтық соғыс, оған Астана процесіне келген күштердің көшбасшылары  қатысуда.

Оның пайымынша, азаматтық соғысты бақылауға мүмкіндік бар және Астанада диалогтың өткені - жақсылықтың нышаны.

«Сирия мәселесіне қатысты Ресей, Түркия және Иран ынтымақтастығына келер болсақ, Астанада бірлескен мәлімдеменің жасалғандығын үлкен табыс деп есептеуге болады. Енді бұл үш мемлекет жағдайды қадағалап отырады. Келіссөздер қорытындысы бойынша, Сириядағы татуласуды жалғастырудың өзі - үлкен табыс. Женевада бұл процесс тереңдей түседі», - деп түйіндеді саясаттанушы.