Әзербайжан Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәлізінің маңызды бөлігі болмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжан Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәлізін іске асыруды қолдайды және бұл жобаны аймақтағы көлік инфрақұрылымын дамытудың болашағы бар бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Ресей президенті Владимир Путин «Валдай» халықаралық пікірталас клубының пленарлық отырысында осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: Каспий хабаршысы

— Маршруттың бір бөлігі Әзербайжан арқылы өтуі керек екенін атап өткім келеді. Әзербайжан бұл жобаны іске асыруға келіседі және оны перспективалы жоба деп санайды, — деді РФ президенті.

Путиннің айтуынша, Ресей тарапы жобаға қажетті несиелік ресурстарды бөлуге дайын.

— Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәлізіне несиелік ресурстарды бөлуге дайынбыз. Бізде қажетті қаржылық ресурстар бар, — деді ол.

Владимир Путин сонымен қатар қазіргі кезеңде Иран тарапы жұмыстың өзіне тиесілі бөлігін аяқтауы керек, атап айтқанда, бағдар өтетін жер учаскелерін сатып алуды қамтамасыз етуі керек деп мәлімдеді.

Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі Ресей, Иран және Оңтүстік Азия елдері арасындағы көлік байланысын қамтамасыз етуге арналған. Әзербайжан бөлігі маршруттағы негізгі буын болып саналады.

Еске сала кетейік, Баку кеме жасау зауытында Қазақстанның контейнер тасымалдайтын кемесі жасалып жатыр.

Қазақстанда контейнерлік тасымал көлемі тұрақты өсім көрсетіп келеді.