Әзербайжан TÜRK-AY ұйымының уақытша төрағасы болып сайланды
АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжан Түркі әлемінің Конституциялық юрисдикциялары конференциясының (TÜRK-AY) уақытша төрағасы болып сайланды. Бұл туралы Report агенттігі хабарлады.
Бұл шешім Стамбұлда өткен TÜRK-AY отырысында қабылданды. Іс-шара барысында түркі елдерінің конституциялық соттары өкілдері арасында конституциялық әділет мәселелері бойынша пікір алмасылды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты 2023 жылы осы ұйымның III отырысын Астанада өткізген болатын. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Әзербайжан елдерінің конституциялық соттарының өкілдері қатысты.
Отырыс барысында жаңартылған форматтағы ҚР Конституциялық Сотының Түркі әлемінің Конституциялық юрисдикциялары конференциясына қосылуы туралы актіге қол қойылған еді.
Сонымен қатар, Қазақстан мен басқа қатысушы мемлекеттердің конституциялық бақылау органдары арасында өзара түсіністік туралы бірнеше меморандумдарға қол қойылған.
Айта кетейік, Түркі мемлекеттері өзара тауар айналымын арттыру мүмкіндігін зерделеп жатыр.