Әзербайжан жеке өзінің брендімен смартфон шығарады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әзербайжанда Made in Azerbaijan брендімен смартфон жиналады, деді Trend CRM Group компаниясының бас директоры Рамин Сүлейманов.

Оның айтуынша, жергілікті жинақталатын алғашқы смартфон жұртшылыққа маусым айында ұсынылады.

«Күзде бізге бөлінген өндірістік алаңдар құрылғылардың конвейерлік жинағын іске қосуға әзір болады. Тұтастай біз IT-өнімнің 10 түріне жуығын жинауға патенттік құқық алдық, оның ішінде планшеттік компьютерлер, ноутбуктер, принтерлер бар. Әзербайжанда жиналған өнім өңірлік нарықтарға экспортталады», - деді Сүлейманов.

CRM Group басшысының айтуынша, компьютерлік және перифериялық жабдықты реттеу 2018 жылдың басым жоспарына кіреді.

«Жоғары технологиялық өнім шығару елде іске асырылатын алғашқы ауқымды жоба болып табылады. Біз мұны үлкен қадам және ел экономикасына құйылған инвестиция деп санаймыз. Көрші Түркияда мысалы, Casper брендімен ноутбук жиналады. Біз осы тәжірибені Әзербайжанда іске асыруға ниеттіміз», - деді Сүлейманов.