Жаңа инфрақұрылымдық нысан Каспий теңізінің жағалауында қалыптасып жатқан көлік-логистикалық кешеннің бір бөлігіне айналып, елдің халықаралық жүк тасымалы саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Республиканың қолданыстағы әуежайларынан айырмашылығы – жаңа нысан бастапқыда тек жүк әуе қатынасына қызмет көрсету үшін жобаланған. Оның құрылысы 2024 жылдың наурыз айында басталды, ал әуежайды пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған.
Жоба Алят еркін экономикалық аймағының аумағында жүзеге асырылып отыр және теңіз, теміржол, автомобиль және әуе бағыттарын біріктіретін мультимодальды көлік торабының бір бөлігі болады. Порт инфрақұрылымының жанында орналасуы болашақ әуежайды негізгі еуразиялық көлік бағыттарына, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытына (Орта дәліз), сондай-ақ Солтүстік-Оңтүстік халықаралық бағытына біріктіруге мүмкіндік береді.
Жаңа әуежай кешенінің аумағы 750 гектардан асады. Бірінші кезеңде терминалдың өткізу қабілеті жылына шамамен 500 мың тонна жүкті құрайды, ал болашақта қуаттылықты жылына 1,5 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған.
Әуежайдың техникалық инфрақұрылымы ұзындығы 4 шақырым болатын ұшу-қону жолағын салуды көздейді, бұл алыс магистральді ауыр жүк ұшақтарын қабылдауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, нысан әуе айлағын күрделі метеорологиялық жағдайларда пайдалануды қамтамасыз ететін ICAO IIIB санаты стандартына сәйкес келеді.
Еркін экономикалық аймақ әкімшілігі өкілдерінің мәлімдеуінше, жаңа әуежай қосылған құны жоғары өнімдерді, соның ішінде электроника, фармацевтикалық өнімдер мен жоғары технологиялық өнеркәсіптік жабдықтарды тезірек жеткізуді қамтамасыз етуі тиіс. Жаңа инфрақұрылым сондай-ақ Алят экономикалық аймағында жұмыс істейтін кәсіпорындардың экспорттық мүмкіндіктерін де кеңейтеді деп күтіліп отыр.
Айта кетейік, Құрық портында «Әзербайжан-Қазақстан теңіз кабельдік жүйесі» жобасының жаңа кезеңі басталды.