Әзербайжанда Израиль елшілігіне қарсы теракт жасау әрекетінің жолы кесілді

Фото: Israel War Room

АСТАНА. KAZINFORM – Бакуде Әзербайжанның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің (МҚҚ) қызметкерлері Израильдің дипломатиялық миссиясына шабуыл дайындады деген күдікпен үш жергілікті тұрғынды ұстады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі The Times of Israel басылымына сілтеме жасап хабарлады. 

Ұсталғандар — Илгар Гулиев (2000 ж.т.), Амин Пириев (2005 ж.т.) және Элвин Ализаде (2005 ж.т.). Олар «Вилаяти-Хорасан» террористік ұйымының қарулы қанатымен байланыс орнатып, шабуыл жасауға арналған заттарды сатып алған. Шабуылға дайындық бірнеше ай бойы жүргізілген.

Фото: Israel War Room

МҚҚ мәліметінше, күдіктілер елшілік ғимаратына жақындаған сәтте қолға түскен. Оларға қатысты Әзербайжан Қылмыстық кодексінің теракт дайындау және қару қолдануға байланысты бірнеше бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот тергеу аяқталғанға дейін оларды қамауда ұстау туралы шешім шығарды.

Аталған іс бойынша жедел-тергеу шаралары жалғасып жатыр.

БАҚ деректеріне сәйкес, ұстаулар Израильдің сыртқы істер министрі Гидеон Саардың 26 қаңтарда Бакуге жасаған сапарынан кейін көп ұзамай жүзеге асырылған.

Бұған дейін де Әзербайжанның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі ел аумағында ірі терактілер дайындау мақсатында құрылған террористік ұяшықты ұйымдастыруға қатысқан бірнеше негізгі тұлғаны ұстаған болатын.