Әзербайжанда Каспий суын тұщытатын зауыт құрылысына $165 млнбөлінді

АСТАНА. KAZINFORM – Азия даму банкі Әзербайжанда Каспий теңізінің суын тұщытатын зауыт салуға 165 млн доллар қаржы бөлуді мақұлдады. Жобаның жалпы құны 407 млн долларға бағаланып отыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бакудегі меншікті тілшісі Report басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Turkiye Today

Азия даму банкінің мәліметінше, несие қаражаты үш кезеңмен беріледі. Оның екеуі – 70 млн доллардан, үшіншісі 25 млн доллар болады.

Жоба аясында кері осмос технологиясын қолданатын кәсіпорын жобаланып, салынады және пайдалануға беріледі. Зауытты қаржыландыру мен кейінгі пайдалану жұмыстары да осы жобаға кіреді.

Кәсіпорынның жобалық қуаты тәулігіне 300 мың текше метр су өндіруге жетеді. Су тұтыну көлемі шарықтаған кезеңде бұл көрсеткішті 330 мың текше метрге дейін арттыруға болады.

Жобаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асыру көзделген. Осы мақсатта 25 жылдық келісім жасалады. Тұщытылған судың барлығы «Ірі қалалардың сумен жабдықтаудың біріккен қызметі» мемлекеттік операторына жеткізіледі.

Кәсіпорынның негізгі міндеті – Баку мен Апшерон түбегіндегі ауызсумен жабдықтау сапасы мен сенімділігін арттыру. Бұл – Әзербайжанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынатын теңіз суын тұщытатын алғашқы ірі зауыт.

Жоба Азия даму банкінің Әзербайжанмен 2025–2029 жылдарға арналған әріптестік стратегиясындағы басымдықтарға сәйкес келеді. Құжатта экологиялық тұрақты инфрақұрылымды дамыту көзделген.

Бұған дейін Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі де осы кәсіпорынның құрылысына 45 млн доллар бөлуді мақұлдаған болатын.

Жобаны Сауд Арабиясының ACWA Power компаниясы әзірлеп жатыр. Бас мердігер – PowerChina тобына кіретін Қытайдың Huadong Engineering Corporation (HDEC) компаниясы. Ал HDEC-тің қосалқы мердігері испаниялық Savener инженерлік компаниясы жобалау жұмыстарын бастап кеткен.

Еске салайық, бұған дейін Әзербайжан 2027–2028 жылдары Каспий теңізінің биоресурстары жөніндегі комиссияға төрағалық ететіні хабарланған еді.