Әзербайжан Орталық банкінің шешіміне сәйкес, азаматтар банкке немесе банктік емес кредиттік ұйымға жазбаша өтініш беріп, тұтынушылық несиені қашықтан рәсімдеуге немесе кредиттік лимитті арттыруға шектеу қоя алады.
Бұл шектеуді банктің бөлімшесіне жеке бару, күшейтілген электрондық қолтаңба немесе клиентті күшейтілген аутентификациялау арқылы алып тастауға болады.
Несие рәсімдеу кезінде банктер мен банктік емес кредиттік ұйымдар мұндай шектеудің бар-жоғын өз жүйелерінен және кредиттік бюроның ақпараттық жүйесі арқылы тексеруге міндетті. Егер клиент шектеу қойған болса, қашықтан кредит шартын жасауға немесе лимитті арттыруға жол берілмейді.
Шектеу қойған клиент қашықтан несие рәсімдеуге немесе лимитті ұлғайтуға әрекет жасаған жағдайда банк оны мобильді қосымша немесе SMS арқылы дереу хабардар етуі тиіс.
Сонымен қатар қашықтан рәсімделген тұтынушылық несие қаражаты шарт жасалғаннан кейін бірден берілмейді. Егер бір күн ішінде берілген немесе ұлғайтылған несие сомасы ең төменгі жалақының екі еселенген мөлшерінен аспаса, қаражат екі сағаттан кейін қолжетімді болады. Ал бұл мөлшерден асқан жағдайда 24 сағаттық күту мерзімі белгіленеді.
Жаңа талаптарға сәйкес, кредит шартында белгілі бір жағдайларда қарыз алушыны берілген немесе ұлғайтылған несие бойынша міндеттемелерден босатуға қатысты ереже де қамтылады. Қашықтан жасалатын шарттарда клиент белгілеген шектеу туралы ақпарат көрсетіледі.
Жаңа талаптар 1 қазаннан бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, бұған дейін Түркия смартфонды несиеге алғанша, банктен жалға алуды ұсынды.