Әзербайжанда шетелдік арнайы қызметпен байланысы бар күдікті ұсталды

Фото: DTX

БАКУ. KAZINFORM – Әзербайжанның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі (DTX) шетелдік арнайы қызметтермен байланыста болып, лаңкестік топ құруға әрекеттенген ел азаматының ұсталғанын хабарлады.

Тергеу мәліметінше, Мухаммед Алиев есімді күдікті (лақап аты – Абу Малик) 2022 жылдың қыркүйегінен бастап шетелдік арнайы қызмет өкілдерімен байланыс орнатқан. Олардың тапсырмасымен радикалды діни көзқарастағы адамдарды іріктеп, шет мемлекет аумағында диверсиялық-террористік топ құруға әрекет жасаған.

– Мухаммед Алиев шетелде жүрген кезінде арнайы қызметтердің мүддесі үшін Әзербайжан азаматтарын үгіттеп, оларды қатарға тартуға тырысқан және ынтымақтан бас тартқандарды қудалауға қатысқаны анықталды, - делінген DTX таратқан ресми мәлімдемеде.

Фото: DTX

Мекеменің мәліметінше, аталған іске байланысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Әзербайжан заңнамасына сәйкес бірқатар қылмыстық бап бойынша іс қозғалған.

Айта кетейік, Түркияда тыйым салынған FETO ұйымының 400-ге жуық жақтасы ұсталды.