Әзербайжанда есірткі тасымалдау арнасының жолы кесілді

АСТАНА. KAZINFORM - Әзербайжанның Мемлекеттік шекара қызметі (МШҚ) Ираннан елге есірткі заттарын тасымалдайтын заңсыз арнаны анықтады. Бұл туралы Әзербайжан Мемлекеттік шекара қызметінің баспасөз қызметі хабар таратты.

Фото: Әзербайжанның Мемлекеттік шекара қызметі

Мемлекеттік шекара қызметінің хабарлауынша, 31 наурызда Горадиз шекара отрядының аумағында қызметкерлер Иран шекарасынан Әзербайжан бағытына өтіп бара жатқан тәртіп бұзушыларды байқаған.

Тәртіп бұзушылар шекарашылар бұйрығына бағынбай, қолындағы сөмкені тастап, аймақтан қашуға әрекеттенген.

Жедел тергеу шаралары нәтижесінде шекарашылар Иран азаматы Рамазан Адиллиді ұстады. Ол 10 келіден астам марихуанамен Әзербайжан шекарасын заңсыз кесіп өтпек болған.

Сонымен қатар, шекарашылар Р.Адиллидің сыбайласы болған Әзербайжан азаматтары Расим Атакишиев пен Рамиль Мухаммедті қолға түсірді.

6 наурыз күні Әзербайжан шекарашылары дәл осы жерден 11 келі 250 грамм есірткі тасымалдаушыны ұстаған болатын.