Әзербайжанда жемқорлық туралы хабарлаған азаматтарға сыйақы төленуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжанда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары туралы хабарлайтын азаматтарға қосымша кепілдіктерді заң жүзінде бекіту ұсынылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бакудегі меншікті тілшісі.

Фото: freepik.com

Тиісті нормалар «Сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтар туралы хабарлайтын адамдарды ынталандыру және қорғау туралы» заң жобасында қарастырылған.

Құжат Әзербайжан Милли Меджлисінің (парламент) қорғаныс, қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі, сондай-ақ құқықтық саясат және мемлекеттік құрылыс жөніндегі комитеттерінің бірлескен отырысында талқыланып жатыр.

Заң жобасына сәйкес, өтініш берушілер өз деректерінің құпия сақталуын, өзін және жақын туыстарын қорғауды, сондай-ақ заңсыз қысым мен әділетсіз қарым-қатынастың алдын алуды талап ете алады.

Бұдан бөлек, мемлекет оларға кәсіби заң көмегін көрсетуді, сот шығындарынан босатуды, сондай-ақ материалдық және моральдық зиянды өтеуді қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар құпия кеңес алу мүмкіндігі қарастырылған.

Қорғау шараларын іске асыруға заң жобасында белгіленген мемлекеттік органдар мен мекемелер жауапты болады.

Бұған дейін Әзербайжанда 1 қазаннан бастап тұтынушылық несиені қашықтан рәсімдеу және кредиттік лимитті ұлғайтуға қатысты жаңа талаптар күшіне енетіні белгілі болды.