Қалыптасқан дәстүр бойынша қазан айының соңы мен қараша айының басында анар өндіру орталығы саналатын Әзербайжанның Геокчай ауданында осы жеміс түрінің жиын-терімінің аяқталу құрметіне орай анар фестивалі ұйымдастырылады. Айта кетейік, мұнда гранат жемісінің барлық түрлері өндіріледі. ҚазАқпарат тілшісіне мерекенің қалай аталып өтетінін өз көзімен көрудің сәті түсті.
Фестивальға әдетте анар өсіретін шаруашылығы бар азаматтар қатысады және олар мерекеге өздерінің өнімдерін алып келіп, халыққа ұсынады.
Анар түрлі көлемде болады. Олардың ең үлкендерінің салмағы 1,5 келіге жетеді. Суретте салмағы 1100 грамм тартатын жеміс.
Фестивальда қалың көпшілікке жемісі жұлынбаған анар ағаштары да көрсетілді.
Мерекеге қатысатын ұжым мүшелері анардың дәндерінен ту, елтаңба, карта сияқты рәміздерді және өзге де көптеген дүниелерді бейнелейді.
Мерекеде анар шырыны мен өзге де жемістерді дайындаудың дәстүрлі әдісі көрсетілді.
Жыл сайын анар бақшаларында ондаған мың тонна жеміс жиналады да олардың біразы шет мемлекеттерге жөнелтіледі. Қалай дегенмен тіл үйіретін ең дәмді, ең балғын анарды және олардан дайындалатын тағамдарды тек осы мерекеде ғана кездестіруге болады.
Анарды тек тағам ретінде ғана емес, емдік мақсатта да пайдаланады. Мысалы, анар талының тамырын ауруды басу үшін қолданса, шырынын қан қысымын тұрақтандыру үшін пайдаланады, ал жемістің жұмсағын тәбетті арттыру үшін тұтынуға болады.
Мерекеге өте үлкен маңыз беріледі. Өйткені оған тек әзербайжандықтар ғана емес, шет мемлекеттерден туристер де жиналады. Фестивальға жоғары дәрежелі мемлекеттік қызметкерлер мен дипломатиялық корпус өкілдері және көршілес мемлекеттердің азаматтары да келеді.
Әзербайжандықтар анарды «жемістің сұлтаны» деп атайды.