Әзербайжандық делегация Сенат депутаттарын сайлау үдерісіне өз бағасын берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенат депутаттарын сайлау барысында қауіпсіздік пен тәртіп сақтауды қамтамасыз ету бойынша барлық шаралар қабылдады. Бұл туралы бүгін Әзербайжан Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Натик Мамедов мәлім етті.

«Бүгін біз Астанадағы сайлау үдерісін байқап отырдық. Сенат депутаттығына сайлау Қазақстан халқы үшін үлкен маңызға ие, себебі, бүгін сайланған депутаттар ел мүддесі үшін қызмет ететін болады. Атап айтқанда, біз ашық әрі демократиялық жолмен өткен үдерістің куәгері болдық», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, бүгін Астанадағы М.Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында елорда атынан шыққан кандидаттарды сайлау барысында дауыс беру нәтижесіне әсер ететіндей ешқандай заң бұзушылықтар байқалған жоқ. «Осы орайда мен бүгінгі әділ сайлаумен Қазақстан халқын құттықтағым келеді», - деді ол.

Айта кетейік, Сенат депутаттарын сайлау жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асады. Жанама сайлау құқығы - Парламент Сенаты депутаттарының сайлауында дауыс беруге тек қана таңдаушылар, яғни мәслихаттар депутаттары ғана қатысады дегенді білдіреді. Осылайша, өз кезегінде еліміздің азаматтары тікелей сайлауда сайлаған мәслихаттар депутаттары сенаторларды сайлайды, ал олар Парламентте өңір жұртшылығының мүдделерін білдіреді.