Әзербайжанның Орталық Азия елдерімен тауар айналымы 50%-дан астам өсті

АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжанның Орталық Азия елдерімен тауар айналымы өткен жылы 50 пайыздан астамға артты. Бұл туралы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Түрікменбашы қаласында өткен Әзербайжан мен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының сегізінші консультативтік кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бакудегі меншікті тілшісі.

Фото: Report.az

Әлиевтің айтуынша, сауда байланыстарының кеңеюі инвестициялық ынтымақтастықтың артуымен қатар жүріп жатыр. Қазір Әзербайжанда Орталық Азия елдерінің капиталы қатысатын 400-ден астам компания жұмыс істейді. Сонымен қатар Баку Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанмен бірлесіп, әрқайсысының капиталы жүздеген миллион доллар болатын инвестициялық қорлар құрды.

- Өзара сауданы ғана арттыру жеткіліксіз, бірлесіп инвестиция салып, өнім өндіріп, сыртқы нарықтарға шығу маңызды, – деп атап өтті ол.

Әзербайжан Президенті ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі ретінде көлік саласын атады. Оның айтуынша, Каспий теңізі Орталық Азияны Әзербайжанмен және одан әрі халықаралық нарықтармен байланыстыруда барған сайын маңызды рөл атқарып келеді. Каспий арқылы жүк тасымалы көлемінің артуына байланысты елдердің ортақ міндеті – көлік бағыттарының тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Әлиев энергетика саласына да ерекше назар аударды. Оның айтуынша, Әзербайжан Орталық Азиядан халықаралық нарықтарға энергия ресурстарын тасымалдауда маңызды рөл атқарады. Ел аумағы арқылы Қазақстан мен Түрікменстанның мұнайы тасымалданады. Бұл тасымал көлемі де артып келеді.

Ол жаңартылатын энергетиканы да ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының бірі деп атады. Әзербайжан Қазақстан және Өзбекстанмен бірлесіп, жасыл энергетикалық дәліз құру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Кездесу қорытындысы бойынша Әзербайжан Әзербайжан мен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері форматының төрағасы болып бірауыздан сайланды.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері мен Әзербайжанға өзара сауда көлемін 20 миллиард долларға дейін арттыруды ұсынған еді.