Ажар Ғиният қызылшадан вакцина алмаудың салдарын атады
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында қызылшаға қарсы екпеден бас тарту қандай ауруларға жол ашатынын айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Вакцинациядан бас тарту көбінесе мүгедектікке және өлімге әкелетін көкжөтел, дифтерия, полиомиелит, В гепатиті сияқты вакцинамен басқарылатын ұмытылған инфекциялардың өршуіне әкеледі», – деді министр.
Ажар Ғиният ата-аналарға балаларын қызылшадан қорғау үшін не істеу керектігін тізіп шықты.
«Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға балаларының вакцинациясын тексеріп (вакцинация паспорты – ред.), уақтылы иммундау шараларын қабылдауды ұсынады.
Дене температурасының жоғарылауы, мұрынның ағуы, әлсіздік, бөртпе сияқты қызылша ауруының белгілері пайда болса, медициналық көмекке жүгініңіз. Өз бетіңізбен емдемеңіз, вакциналар туралы сенімді ақпаратты қолданыңыз», – деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында А.Ғиният тек қараша айында 6 мыңнан астам қазақстандық қызылша жұқтырғанын мәлім етті. Оның ішінде 30 бала жансақтау бөлімінде жатыр.
Премьер-Министр Әлихан Смайылов мұндай қауіпті вируспен вакциналаудан өзге жолмен күресу мүмкін емес екендігін атап өтті.