Ұлыстың ұлы күніне арналған шаралар Қостанай қаласының орталық алаңында 22 наурызда басталады. Жылдағы дәстүр бойынша, киіз үйлер қаз-қатар құрылады. Үздік безендіру байқауына кәсіпорындар, кәсіпкерлер мен оқу орындары қатысады. Олар ақ үй ішінде мерекелік дастархан жаяды. Сондай-ақ, қалада театрландырылған қойылымдар, хорлар шеруі және мерекелік концерт Наурыздың көрігін қыздырмақ.
Сағат 10:00-де «Шығыс - ұқыпты іс» этнографиялық фестивалі мен «Палау - дастархан қазынасы» көрмесі басталады. Осы уақытта «Әжемнің тәтті бауырсақтары» атты келіндер байқауы қатар өтеді.
Түс әлетінде «Наурызбек-Наурызгүл!» атты қаланың жас әртістерінің қатысуымен көктемгі есімдер мерекесі ұйымдастырылады. Қалалық балалар шығармашылығы мектебі ұжымының концерті 12:30-да басталады.
Бұған қоса, Қостанайдың дәмханалары мен мейрамханаларының аспаздары арасында аспаздар сайысын өткізу жоспарланған. Қолөнер шеберлеріне де өз туындыларын сынап көруге мүмкіндік беріледі. Барлық сайыстың үздіктері сыйлықтармен, алғыс хаттармен марапатталады.
Мерекелік шара «Армандастар» вокалдық студиясы және «Ақ дариға» қазақ әндері хорының концертімен аяқталады.